Мемлекет азаматтардың ақысыз білім алуына кепілдік береді – Аида Балаева

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Аида Балаева
Аида Балаева/ Фото: gov.kz

Конституцияда халықтың ақысыз білім алу мен алғашқы медициналық көмек алу құқығы сақталады. Өйткені мемлекеттік бюджеттің шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның сегізінші отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде мемлекет кепілдік беретін білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы міндеттемелер қысқарады деген жаңсақ пікір тарап жатыр. Алайда жаңа Конституция жобасының преамбуласы мен бірінші бабында Қазақстанның әлеуметтік мемлекет екені нақты жазылған.

«Мына нәрсені айқын түсінуіміз керек: «тегін» деген ұғым құқықтық тұрғыдан нақтырақ «азаматтар ақы төлемей, заңда белгіленген тәртіппен медициналық көмек алуға құқылы» деген тұжырымдамамен алмасты. Азаматтардың ақысыз негізде көмек алуына мемлекет кепілдік береді. Расында, аталған қызметтер ешқашан өздігінен тегін болған жоқ, олар әрдайым мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып келді. Осыған байланысты айтылып жүрген кез келген пайымның ешқандай негізі жоқ. Мемлекеттік бюджеттің 40 пайызға жуығы әлеуметтік салаға бағытталғанын да өздеріңіз жақсы білесіздер», — деді министр.

Аида Балаева құжаттың 32 және 33-баптарында азаматтардың ақысыз негізде медициналық көмек, бастауыш және орта білім алу құқықтары бекітілгенін атап өтті.

Сондай-ақ ол кейбір ұғымдарды мазмұндық тұрғыда нақтылау қажет екенін айтты. Мәселен, 33-баптың 1-тармағындағы «бастауыш және орта білім» тіркесін «орта мектеп» немесе «жалпы білім» ұғымымен алмастыруды ұсынды. Сонымен қатар 33-баптың 2-тармағындағы «мемлекеттік» сөзін алып тастауды жөн санайды.

Бұған дейін үкімет Жаңа Конституция жобасы жайлы жалған мәлімет таратқандар қатаң жазалайтынын мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз