
Жаңа Конституция жобасында неке тек ер мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы ретінде жазылуы мүмкін. Бұл мәжбүрлі некеге қарсы құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева айтты.
«Неке тек ерікті болуы керек және мемлекетте ресми тіркелуі қажет. Бұл әйелдердің құқығын қорғауға көмектеседі және мәжбүрлеудің алдын алуға құқықтық мүмкіндік береді», – деді ол.
Сүйінтаеваның айтуынша, жаңа Конституция жобасы мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырып, қоғам сенімін күшейтетін нормаларды қарастырады.
Бұған дейін вице-премьер – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желілерде тараған денсаулық сақтау мен білім саласындағы әлеуметтік кепілдіктердің қысқартылатыны туралы қауесеттерді жоққа шығарды. Балаева ешкім медициналық көмек пен білімсіз қалмайтынын мәлімдеді.