
Әлемдік тау-кен нарығында көптен күткен ірі келісім бұл жолы да іске аспады. Швейцариялық Glencore мен британ-аустралиялық Rio Tinto арасындағы бірігу жөніндегі келіссөздер тоқтады. Бұл туралы Reuters басылым жазады.
Егер мәміле жүзеге асқанда, шамамен 240 млрд долларлық жаңа алпауыт компания құрылуы мүмкін еді.
Алайда тараптар компаниялардың бағасы мен үлеске қатысты ортақ шешімге келе алмаған.
Бұл екі компания арасындағы үшінші сәтсіз бірігу әрекеті болды. Бұған дейін де осындай келіссөздер 2014 және 2024 жылдары нәтижесіз аяқталған.
Қазақстандағы активтің тағдыры не болмақ
Сонымен қатар, басылым дереккөзінің мәліметінше, портфелін қайта құрылымдау аясында Glencore алдағы аптада Қазақстандағы Kazzinc компаниясындағы 70% үлесін сататынын жариялауы мүмкін.
Сарапшылар бұл активтің құнын шамамен 5 млрд доллар деп бағалаған. Ал қазіргі таңда компанияның нарықтық капитализациясы шамамен 75 млрд долларды құрайды.
Rio-мен келіссөздер тоқтаған соң, Glencore енді қысқа мерзімді шешімдерге көбірек көңіл бөлуі мүмкін. Компания кейбір активтерін сатып, негізгі назарды мыс өндірісіне аударуды көздеп отыр.
Акциялары арзандады
Компания алдағы жылдары мыс өндірісін айтарлықтай көбейтпек. Жоспар бойынша, 2035 жылға қарай өндіріс көлемі 1,6 млн тоннаға жетуге тиіс. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 852 мың тонна болған.
Сондай-ақ Glencore Конго Демократиялық Республикасындағы мыс-кобальт жобасындағы 40 пайыздық үлесін америкалық қолдауы бар Orion консорциумына сату жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр.
Бұдан бөлек, бразилиялық Vale компаниясымен бірге Канададағы көршілес активтер негізінде мыс жобасын бірлесіп дамыту мүмкіндігін қарастыруда.
Rio-мен келіссөздер тоқтағаннан кейін Glencore акциялары 10%-ға төмендеді. Соған қарамастан, жыл басынан бері компания қағаздары шамамен 19%-ға өскен.
Glencore «Қазмырыш» компаниясы акцияларының 70%-ына иелік етеді. Швейцариялық компанияның Қазақстандағы активін сату жөнінде бейресми келіссөз жүргізіп жатқаны 2025 жылдың ақпанында мәлім болған.