
Таиландта бүкіл ел бойынша алкоголь сатуға бір тәулікке тыйым енгізілмек. Бұл шектеу тек жергілікті тұрғындарға ғана емес, туристерге де қатысты.
Мұндай шешім парламенттің төменгі палатасына сайлау мен конституцияға түзету енгізу бойынша өтетін референдумға байланысты қабылданды.
Ішімдік сатуға тыйым 7 ақпан, кешкі сағат 18:00–ден 8 ақпан сағат 18:00–ге дейін күшінде болады. Бұл шектеу дүкендер мен супермаркет, мейрамхана мен кафе, түнгі клубтар мен бар, сондай-ақ көпшілік жиналатын іс-шаралар өткізіліп жатқан орындарға да қатысты.
Бұл шектеу 8 ақпандағы сайлау күні дауыс берудің әділ өтуін қамтамасыз ету үшін енгізілген.
Ережені бұзғандарға қатаң жауапкершілік қарастырылған: 10 000 батқа дейін айыппұл (шамамен $314) немесе 6 айға дейін бас бостандығынан айырылады.
Сондықтан туристік полиция шетелдік қонақтарды заңды құрметтеуге және шектеуді сақтауға шақырады.