
Еуропалық комиссия TikTok-тың кейбір функциялары адамдарды тәуелді етіп, қоданыстағы заңға қайшы келуі мүмкін деп есептейді. 6 ақпанда жарияланған алдын ала зерттеу нәтижесінде реттеуші ең алдымен «шексіз скроллинг» функциясын сынға алды.
Жасөспірімдер желіге тәуелді болып барады
Бұл функция жаңа видеоларды автоматты түрде жүктейді, сондықтан пайдаланушылар көбіне TikTok-та қанша уақыт өткізгенін байқамайды. Комиссия мұны миға «автопилот» режимінде әсер ететін компульсивті мінез-құлық деп санайды.
Комиссия ең алдымен жасөспірімдерге қатысты алаңдап отыр. TikTok-қа тәуелділік олардың дамып келе жатқан психикасына теріс әсер етуі мүмкін.
Сондықтан заң бойынша әлеуметтік желілер қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуі міндетті. Алайда комиссия TikTok-тағы қолданыстағы қорғау құралдарының жеткіліксіз екенін атап өтті.
Мысалы, «Күнделікті экран уақыты» функциясы жасөспірімдерге қосымшаны бір сағаттан артық пайдалануға шектеу қояды, бірақ ескертпені оңай өткізіп жіберуге болады. Ал «Отбасы тобы» арқылы бақылау жүйесі ата-аналар үшін күрделі болғандықтан, көп қолданылмайды.
TikTok-тың дизайнын өзгерту ұсынылды
Брюссель TikTok-тың негізгі дизайнын өзгерту қажетін ұсынады. Оған шексіз скроллингті өшіру, үзіліс туралы ескертулерді айқын көрсету және видео ұсыныстар жүйесін қайта қарау кіреді.
Алайда компанияның өзі бұл қорытындыға қарсы шықты. TikTok зерттеу нәтижесін «платформа жайлы жалған түсінік» деп атап, пайдаланушыларға экран уақытын бақылау үшін әртүрлі құрал бар екенін айтты.
Зерттеу 2024 жылы басталған, ал қазір ешқандай айыппұл қолданылмаған. Егер заң бұзылғаны расталса, TikTok-қа жылдық табысының 6%-ына дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Қазіргі кезде Қазақстанда да жасөспірімдерге әлеуметтік желілерге шектеу енгізу қарастырылып отыр. Балаларды интернетке тіркеу SIM-картаға байлануы мүмкін, ал 16 жасқа дейінгі балалар кей әлеуметтік желілерге кіре алмайтын болады.