
Әлем жұлдызы Димаш Құдайберген продюсерлік еткен Voice Beyond Horizon музыка шоуының тұсаукесері бір тәулікте 102 млн көрермен жинап, Қытай рейтингінің көшін бастады. Бұл туралы Kursiv.Media әншінің ресми сайтындағы мәліметке сүйене отырып хабарлайды.
Димаш рекорд орнатты
Hunan TV телеарнасының есебіне қарағанда, шоу Қытайдың CVB, CSM және CSM71 өңірлік спутник телеарналар арасында бірінші орынға шықты. Сонымен бірге KuYun және Huanwang телеарналар рейтінгінде де жоғары тұрды.
«Шоу тұсаукесері халықаралық баспасөзде қамтылып, Қазақстан мен Қытай медиасында қолдау тапты», – деп таратты Димаштың ресми сайты.
Бұған қоса музыкалық бағдарламаны Қазақстанның Қытайдағы елшілігі мен China Daily басылымы да көрсеткен. Ал People’s Daily English мен Audiovisual China ресми газеттері жобаның жоғары деңгейін атап өткен.
Жаңа тренд
Тұсаукесер интернетте трендке айналса, шоуға қызығушылық әлі де өсіп жатыр. Алғашқы күні сахнада алты елден сегіз әртіс өнер көрсеткен. Ал Димаштың өзі ерекше музыкалық қойылымын көпшілік назарына ұсынған. Сыншылар оны «Ұлы Жібек жолы үні» деп атаған.
«Voice Beyond Horizon» әр бейсенбі сайын сағат 22:00-де Hunan TV және Mango TV телеарналарында көрсетіледі. Байқаудың бірінші айналымының жеңімпазы – қазақ әншісі Нұржас Садырбаев.