Миллионердің анасы алтын өндіруші компанияның басты қожайыны атанды

Марқаба Дәуітова алтын өндіруші компанияның негізгі иесі атанды. Ол – Forbes дәулеттілер тізіміндегі Айбар Дәуітовтің анасы. Kursiv.Media 5 ақпанда Golden Compass Capital акционерлері құрамында елеулі өзгеріс болғанын білді.
Алтын өндіруші әулет
Оған дейін компанияның қарапайым акцияларының 75%-ы Жанат Бұранғалиеваға, ал 25%-ы Елена Дикаревичке тиесілі болған. Алғашқысының акциялары Марқаба Дәуітоваға өтті. Оның ұлы Айбар Дәуітов, Golden Compass компаниялар тобының басшысы, Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы Көккия кен орнын игерген.
Дәуітов 2013 жылы 155 млн доллармен Forbes-тің дәулеттілер тізімінде 38-орыннан көрінген. Сол кезде ол «Казкоммерц Инвест» басқарма төрағасы және директорлар кеңесінің мүшесі, Homefinance компаниясының жалғыз қожайыны болған.
Айбар мансабын белгілі кәсіпкер Болат Әбілов басқарған «Бутя» фирмасында бастап, кейін «Казкоммерцбанкте» істеген.
Марқаба 2012 жылы да Golden Compass Capital акцияларының 70%-на иелік еткен. Енді ол компания басшылығына қайта оралып отыр. Басқа да акционерлері – Дикаревич пен Бұранғалиева Дәуітовтің серіктестерінің әйелдері екені бұған дейін қаржы есептерінде айтылған.
Компания туралы
Golden Compass Capital-дың 2024 жылғы түсімі 11,3 млрд теңге, таза пайдасы 751,8 млн теңге болды. Оған еншілес компаниялар: Golden Compass Jambyl мен Golden Compass Taraz.
Көккия кен орны қазақ–қырғыз шекарасына жақын орналасқан. 15 жыл бұрын ондағы алтын қоры 6991 кг екені айтылған. 2019 жылы Golden Compass Талдыбұлақ Шығыс, Талдыбұлақ Алтын, Қайыңды және Медведка кен орындарында барлау жұмыстарын бастаған.
Компания Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында тіркелген, бірақ Алматы қаласындағы «Қазақстан» қонақүйінде кеңсесі бар.