«Оңай» төлем жүйесінің бәсекелесі — Avtobys Алматыға жетті

Енді Алматы қаласының тұрғындары қоғамдық көлікте жолақысын «Оңай» жүйесімен ғана емес, Avtobys-пен де төлей алады. Бұл туралы Kursiv.Media мегаполис әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Қазақстан мен Қырғызстанның 24 қаласында жұмыс істейтін Avtobys төлем жүйесін Innoforce холдингі әзірлеген. Енді оны Алматыда енгізіп жатыр.
Жаңа жүйе жолаушыларға жолақы төлеудің ыңғайлы тәсіл түрлерін ұсынады. Қала тұрғындары мен қонақтары сапар ақысын банк картасымен, көлік картасымен, сондай-ақ Apple Pay және Google Pay арқылы төлей алады.
Сонымен бірге Avtobys мобильді қосымшасы арқылы QR-кодпен, Bluetooth, NFC немесе көлік нөмірі бойынша, сондай-ақ банк пен ұялы байланыс операторларының қосымшасы арқылы төлем жасау мүмкіндігі бар.
«Avtobys төлем құралы ғана емес, сонымен қатар тасымалдарды басқаруға арналған кешенді цифрлық платформа. Жолаушылар қоғамдық көліктің қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылап, бағытын ыңғайлы жоспарлай алады», – деп таратты қала әкімдігі.
Алматыда жүйені енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асады. Қазір оны Астана, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Семей, Қостанай, Орал, Тараз және басқа да қалалардың тұрғындары пайдаланып жүр.