
10 ақпан, сейсенбі күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
Үкімет отырысы жыл қорытындысына арналады. Бұған қоса биыл атқарылатын шаруалар нақтыланады.
«Жиында еліміздің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалады», – делінген ресми мәліметте.
Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан мәлімете қарағанда, жиналыста премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, вице-премьер Жаслан Мәдиев, бірқатар өңірдің әкімдері баяндама жасайды.
Тоқаев соңғы рет Бектеновті Ақордада 2025 жылғы 26 желтоқсанда қабылдаған. Сол кезде үкімет басшысы экономикалық реформалар мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруды көздейтін тапсырмалардың орындалу барысы туралы есеп берген.
Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі өсті, бірақ экономиканы жоғары инфляция қысты. Үкімет 2025 жылы салық реформасын жүзеге асырып, шетелден инвестиция тартуға басымдық беріп отыр.