Lifestyle

«Ресейге алғысым шексіз»: Нұрлан Сабуров мәлімдеме жасады

Нұрлан Сабуров, Диана Сабурова.
фото Диана Сабурованың инстаграм парақшасынан алынды

Нұрлан Сабуров әлеуметтік желіде соңғы жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасады.

Әзілкеш Instagram парақшасында жариялаған жазбасында қалыптасқан ахуалға түсініктеме беруден бас тартатынын айтып, барлық мәселе заң аясында шешілетінін жеткізді.

«Қазіргі жағдайға пікір білдірмеймін. Заңгерлер бар, олар барлық құзырлы органдармен өз деңгейінде жұмыс істейді. Уақыт бәрін өз орнына қояды», – деп жазды Сабуров.

Сонымен қатар әзілкеш өзінің шығармашылық жолына тоқталды. Айтуынша, стендап-комик ретіндегі жолын шамамен 15 жыл бұрын Екатеринбургте бастап, кейін Мәскеуде жалғастырған. Осы жылдар ішінде Ресейдің көптеген қалаларында өнер көрсетіп, көрермендердің әрдайым жылы қабылдағанын атап өтті.

«Маған шығармашылық дамуға мүмкіндік берген, әртіс ретінде қалыптасуыма жол ашқан елге алғысым шексіз. Мен Ресейде де, одан тыс жерлерде де көпұлтты аудитория жинай алдым. Баршаңызға рақмет», – деді ол.

Сондай-ақ Нұрлан Сабуров журналистерге, блогерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарына жеке өміріне құрметпен қарауды сұрады.

«Отбасымның, жұбайым мен балаларымның, ата-анам мен жақындарымның жеке өміріне құрметпен қарауларыңызды өтінемін. Баршаңызға амандық тілеймін», – деп түйіндеді ол.

Еске сала кетейік, Ресей билігі әзілкеш Нұрлан Сабуровтың Ресей аумағына 50 жылға дейін кіруіне тыйым салды.

Бұған дейін, Kursiv Media Нұрлан Сабуровтың Ресейде қандай мүлкі бар екенін жазған еді.