
Халық әртісі Роза Рымбаева 7 ақпанда Алматыдағы Республика сарайында үлкен концерт берді. 50 жыл сахнада жүрген әншіні құттықтауға жас жұлдыз Еңлік те келіп, ұстазымен бірге ән салды.
Апаңа рэп үйретші
Роза мен Еңлік көпшілікке жақсы таныс «Шақырады көктем» әнін бірге шырқады. Содан кейін 68 жастағы жұлдыз жас қызды жиналған жұртқа таныстырып, артынан ерген ізбасарынан рэп үйренгісі келетінін айтты.
«Еңлік халықаралық үлкен фестивальдарға қатысып, өзінің ерекше дарынымен танымал болып жүрген сіңліміз. Еңлік, маған да рэп оқуға үйретіп қой. Апаң да арасында рэп айтқысы келеді. Жарай ма? Қолымнан келетін шығар», – деп әзілдеді Роза.
Мұндай ұсынысты күтпеген жас әнші «әрине» деп қысыла жауап берді. Роза Қуанышқызымен бір сахнада ән айтуды абырой санайтынын да жасырмады.
Роза бағындырған белес және жастар
Жарты ғасыр бойы халық ықыласына бөленіп келе жатқан Розаның концертінде негізінен жас әншілер өнер көрсетті. Рымбаеваны құттықтауға Димаш Құдайберген де арнайы келіп, тосынсый жасады.
1977 жылы Болгарияда өткен халықаралық ән байқауына қатысқан Роза Рымбаева «Алтын орфей» жеңіп алып, бүкіл КСРО-ға танылды. Содан бері сахна төрін ешкімге бермей келеді.

28 жастағы Еңлік Құрарбек (Yenlik) 2026 жылғы қаңтарда халықаралық COLORS платформасына шыққан алғашқы қазақ әншісі атанды. Ол көпшілікке «Бипл», «Доп», «Шүкір» әндерімен танылды.