Жаңалықтар

Әлеуметтік жобалар: «Самұрық-Қазына» 124 млрд теңгені қайда жұмсады

Фото: kursiv.media

«Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің төрағасы Болат Жәмішевтің төрағалығымен бүгін отырыс өтіп, «Самұрық-Қазына» қорының кейінгі 10 жылдағы әлеуметтік жобалары қалай іске асырылып жатқаны талқыланды.

Жиынға Мәжіліс депутаттары мен сарапшылар қатысты. Әркім пайым-пікірін айтты. Қор бұл жобаларды Samruk-Kazyna Trust бірыңғай қайырымдылық операторы арқылы іске асырады.

«Самұрық-Қазына» қорының корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғановтың айтуынша, әлеуметтік бастамаларға деген сенім ең алдымен серіктестіктен көрінеді. Оның сөзінше, қорға осы жобаларды іске асыруға 80-нен астам бизнес өкілдері қатысқан.

«Соның арқасында мыңнан астам әйел жұмыспен қамтылды, инклюзивті білім беру кабинеттері ашылды», – деді Ғибрат Ауғанов.

Әлеуметтік жобалар 11,5 млн адамды қамтыды

Ауғановтың айтуынша, кейінгі 10 жылда жалпы сомасы 124,1 млрд теңге болатын 434 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 17 өңірде және республикалық маңызы бар 3 қалада 274 әлеуметтік нысан ашылған. Олардың ішінде 55 оңалту орталығы, 31 инклюзияны қолдау кабинеті, 18 спорт кешені мен 3 креативті хаб, музейлер, кітапханалар мен көпфункциялы спорт және ойын алаңдары бар. Әлеуметтік бастамалар 11,5 млн-нан астам адамды, оның ішінде 3,2 млн бала мен 2,1 млн ауыл тұрғынын қамтыды.

2025 жылы 13,2 млрд теңгеге 39 жоба жүзеге асырылған. Шамамен 1 млн азамат көмек көрсетіліп, 600 адам жұмысқа орналасқан дейді Ауғанов. Ал 2026 жылы қаңтарда Ақтөбеде 20-дан астам бейімдеуші секциясы бар алғашқы инклюзивті спорт орталығы ашылды. Жаңаөзен қаласы мен Доссор ауылында музей-кітапхана кешендері ашылады. Ал Атырау облысының Құлсары қаласында және Қызылқоға ауданында, Семей қаласында, Ұлытау, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе және Алматы облыстарында спорт кешендері пайдалануға беріледі. Ел бойынша инклюзияны қолдау кабинеттері мен оңалту орталықтарын ашу жұмыстары жалғасады.