Алагөзов Өзбекстан мен Ауғанстан нарығына кіруді жоспарлап отыр

Тұрсынғали Алагөзовтің алкогольсіз сусындар шығаратын компаниясы Өзбекстан, Ауғанстан және басқа елдердің нарығына шығуды жоспарлап отыр. Бұл үшін әр елге 50-70 млн доллар инвестиция қажет болуы мүмкін.
Кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов Kursiv.Media-ға берген сұхбатында өзінің холдингі жаңа нарықтарға кеңейіп, алкогольсіз сусындар өндіретін бизнесті дамытатынын айтты. Әңгіме Өзбекстан, Ауғанстан, Пәкістан және Таяу Шығыстың басқа елдері туралы болып отыр. Алайда бұл үшін үлкен инвестиция қажет.
«Әрбір жаңа нарық шамамен 50-70 млн доллар инвестицияларды қажет етеді. Бұл қаражат елде өз зауытымызды салуға, оны жобалауға, тоңазытқыштар сияқты бөлшек сауда үшін қажетті жабдықтарды сатып алуға, сондай-ақ сауда командаларын қалыптастыруға жұмсалуға тиіс. Өзбекстанға – 50-70 млн доллар, Пәкістанға – тура сол көлемде және т.б. елдерге де», – деп атап өтті кәсіпкер.
Алагөзовтің айтуынша, командасымен бірге бұл бизнесте 25 жылдан бері жұмыс істеп келеді және шамамен шығындар мен қажетті жұмыс көлемін біледі. Кәсіпкер жаңа нарықтарға кеңею қажеттілігі компанияларын Baiuly Capital Holding холдингіне біріктірудің себептерінің бірі болғанын атап өтті.
Осыған дейін Алагөзов ұлы Арсенді Шымкент сыра зауытының директоры қызметіне не себепті тағайындағанын айтып берген еді.