Анасының көлігін рұқсатсыз айдаған бала жол апатына түсті

Шымкент қаласында 14 жастағы бала анасына тиесілі автокөлікті рұқсатсыз айдап кетіп, жол-көлік оқиғасына түскен. Аталған дерек бойынша әкімшілік іс қалалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
Жауапқа баланың ата-анасы тартылған. Олар Әкімшілік кодекстің «Ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдердің кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және оларға білім беру, олардың құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға күтім жасау және оларды күтіп-бағу жөніндегі шараларды орындамауы» бабымен жауап берген.
Қалалық сот таратқан ақпаратқа қарағанда, оқиға 2025 жылдың қараша айында болған. 2011 жылы туған жасөспірім анасына тиесілі Hyundai KONA маркалы автокөлікті рұқсатсыз айдап кеткен. Сөйтіп, Сауле шағынауданындағы Наурызым және Ақжарма көшелерінің қиылысында өзге көлікпен соқтығысқан.
Кәмелетке толмаған баланың әрекетіне байланысты жауапкершілік оның ата-анасына жүктелді. Сотта баланың анасы кінәсін мойындаған. Судья жаза тағайындау кезінде оның кәмелет жасына толмаған төрт баласы бар екенін ескеріп, 26 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді.