Жаңалықтар

Астана – Талдықорған бағытында жаңа пойыз бағыты іске қосылады

Пойыз қатынасы биылғы сәуір айында басталады / фото: gov.kz
Пойыз қатынасы биылғы сәуір айында басталады / фото: gov.kz

Көлік министрлігі Астана мен Талдықорған қалалары арасында жаңа теміржол бағыты іске қосылатынын мәлімдеді.

Ведомство мәліметінше, жаңа маршрут Мәжіліс депутаттарының бастамасымен ашылып отыр. Жоба Жетісу облысының көлік қатынасын жақсартып, жолаушылар сұранысын қамтамасыз етуге, сондай-ақ елорда мен өңірлер арасындағы қауіпсіз әрі ыңғайлы теміржол байланысын дамытуға бағытталған.

Ыңғайлы әрі үздіксіз қатынау

Алғашқы кезеңде ұлттық тасымалдаушы Астана – Талдықорған бағытына екі жолаушылар вагонын бөлді. Олар күн ара қатынаспен №122/121 «Нұрлы жол – Семей» пойызының құрамында қатынайды.

Ақтоғай стансасында вагондар №631/632 «Ақтоғай – Талдықорған» пойызына тіркеліп, жолаушыларға бүкіл маршрут бойынша ыңғайлы әрі үздіксіз қатынауды қамтамасыз етеді.

Көлік министрлігі бұл формат әзірге пилоттық нұсқа екенін атап өтті. Егер жолаушылар сұранысы тұрақты түрде өссе, вагон саны мен қатынау жиілігі кезең-кезеңімен арттырылады.

Жетісудың туристік тартымдылығы артады

Көлік министрлігінің хабарлауынша, жаңа теміржол бағыты:

  • өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық байланысты нығайтуға,
  • халықтың қозғалыс мүмкіндігін арттыруға,
  • ішкі туризм мен іскерлік белсенділікті дамытуға,
  • Жетісу облысының туристік тартымдылығын күшейтуге ықпал етеді.

Пойыз қатынасы биылғы сәуір айында басталады. Бұл оқиға Талдықорған қаласындағы жаңғыртылған теміржол вокзалының ашылуымен қатар өтеді. Жаңартылған вокзал жолаушыларға жоғары деңгейдегі қызмет пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Министрлік жолаушылар тасымалы маршруттарын дамыту жұмыстары жалғасатынын хабарлады. Бұған дейін Қазақстанда азаматтық авиация саласы да жаңа әуе бағыттарының ашылуы және әуе паркін жаңарту арқылы қарқынды дамып жатқаны айтылған еді.

Мұның алдында Көлік министрлігі вокзалдарда мүгедек жолаушыға арналған сүйемелдеу қызметі іске қосылғанын хабарлаған еді.