Жаңалықтар

Байқоңыр айлағында «Протон-М» зымыран тасығышын ұшырғалы жатыр

Байқоңыр ғарыш айлағы Протон-М зымыран тасығышы
Байқоңырда соңғы мәрте «Протон» зымыраны 2023 жылы ұшырылған / фото: «Роскосмос»

9 ақпанда таңертең Байқоңыр ғарыш айлағындағы 81-алаңға «Протон-М» зымыран тасығышын сүйреп шығара бастады. Бір күн бұрын мемлекеттік комиссия гептилмен ұшатын зымыранды орнатуға рұқсат берген. Бұл туралы Kursiv.Media «Роскосмос» мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

«Протонның» екінші мүмкіндігі

Биіктігі 58 метр, салмағы 700 тонналық «Протон-М» зымыраны ғарышқа «Электро-Л» №5 спутнигін алып шығады. Ұшыру 12 ақпанға Астана уақытымен шамамен 13:52-ге жоспарланған. Әлемдегі ең ауыр зымырандардың бірі Хруничев орталығында дайындалған.

Естеріңізге сала кетейік, ауыр зымыранды 2025 жылғы 15 желтоқсанда ұшыруға тиіс болған. Алайда «Протонды» ұшыру алаңына орнату барысында ақау анықталып, жоспар кейінге шегерілген.

Протон зымыран тасығышы Байқоңыр
«Протон-М» зымыраны 2025 жылғы 14 желтоқсанда ұшыру алаңына шығарылған / фото: «Роскосмос»

Миссия мақсаты

«Электро-Л» №5 — ауа райын тәулік бойы бақылайтын гидрометеорология спутник. «Росгидромет» соның көмегімен ғарыштан түсірілген Жер суретін әр 15-30 минутта алып отырады.

Алғаш рет «Протон-М» зымыран тасығышы сонау 1965 жылы ұшырылды. Содан бері 430 ауыр зымыран орбитаға көтерілді. Соңғы рет аса улы гептил құйылған зымыран Байқоңырдан 2023 жылғы наурызда ұшырылған.

Протон зымыран тасығышы Байқоңыр ғарыш айлағы
«Протон-М» зымыранын дайындауға үш күн уақыт керек / фото: «Роскосмос»

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы қарашаның аяғында Байқоңыр ғарыш айлағының ұшу алаңы қатты зақымданған. Сол кезде мамандардың кейбірі айлақты жөндеуге екі жылдай уақыт керек екенін айтқан.

Бұған дейін Kursiv.Media Қазақстанның Байқоңыр ғарыш айлағы мен ел аумағындағы әскери полигондарды Ресейге жалға беруден қанша пайда тауып отырғаны туралы жазған.