«Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай»: 9 ақпан – Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл

Жарияланды 9 Ақпан 2026 09:19

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Мұқағали Мақатаев / фото: ЖИ арқылы жасалған

Бүгін, 9 ақпан – қазақ поэзиясының мұзбалақ ақыны, лирик әрі аудармашы Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаевтың туғанына 95 жыл толып отыр. Қазақ жырының жүрегіне айналған ақын мұрасы арада ондаған жыл өтсе де өзектілігін жоғалтпай, жаңа буынмен бірге жасарып келеді.

Мұқағали Мақатаев 1931 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойылған аты – Мұхаммедқали. Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, әкесі майданнан оралмайды. Бұл кезең ақын шығармашылығына терең із қалдырды.

Еңбек жолы және әдеби орта

Еңбек жолын ауылдық кеңесте хатшы қызметінен бастап, кейін мұғалім, радио дикторы, газет-журнал редакцияларында қызмет атқарды. Алматыға қоныс аударғаннан кейін әдеби ортаға белсене араласып, қазақ поэзиясына жаңа леп әкелді.

Ақын шығармашылығы

Ақынның көзі тірісінде «Ильич», «Армысыңдар, достар», «Қарлығашым, келдің бе?», «Мавр», «Дариға-жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің», «Өмірдастан» секілді жыр жинақтары жарық көрді.

«Аққулар ұйықтағанда», «Моцарт. Жан азасы», «Райымбек! Райымбек!» поэмалары қазақ әдебиетінің алтын қорына енген туындылар саналады. Ақын поэзиясының басты тақырыптары – адам тағдыры, махаббат, туған жер, өмір мен өлім, рух тазалығы.

Аудармашылық қыры

Мұқағали Мақатаев әлем әдебиетін қазақ оқырманына жақындатуға да зор үлес қосты. Данте Алигьеридің «Құдіретті комедиясын», Шекспир сонеттерін, Уолт Уитмен шығармаларын, Пушкиннің өлеңдерін қазақ тіліне аударды.

Мәңгілік мұра

Мұқағали Мақатаев 1976 жылы Алматыда өмірден өтті. Бүгінде ақынның есімімен мектептер мен көшелер аталады, туған жерінде мұражай ашылған.

Бұған дейін Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай қандай іс-шаралар өтіп жатқанын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз