Қазақстандағы шенеуніктердің әйелдері қандай бизнеспен айналысады?

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Дәстүр бойынша әр жыл соңында елдегі министрлер, шенеуніктер жеке декларациясын шығарып, қанша табыс тапқанын жариялайды. Біздегі лауазымды тұлғалар отбасы жайлы ашық ақпарат онсыз да аз екенін ескерсек, сол бір декларацияның өзі «киелі кітаптай» көрінеді. Жылына бір рет жарияланатын осындай ресми құжаттар арқылы шенеуніктердің әйелдеріне тиесілі бизнестерді анықтап көруге тырыстық.

Жүк көліктерін жалға беріп, фитнес клуб ашу

Декларациясын алғаш болып жариялағандардың бірі – ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаевтың жұбайы Гүлнұр Дарбаева. Ол 2024 жылы 70 млн теңгеге жуық табыс тапқан. Ашық деректерден іздесек, Дарбаева ханымның атында жеке кәсіпкерлік тіркелген. «ИП Дарбаева» жүк көліктерін жалға берумен айналысады. Нарықта үш жылдан бері, жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істейді. Бірақ бюджетке былтыр 2 млн 661 мың теңге қаржы құйған. Үш жыл ішінде бұдан басқа салық төлемеген.

Ulusmedia жазуынша, Гүлнұр Қойшанқызының есімі мұнай компанияларының біріне қатысы бар. Оның есімі «Маңғышлақ-Мұнай» ЖШС-да директор Берекет Тоқаевтың әпкесі ретінде көрсетілген.

Дарбаева ханымның екінші кәсібі де аса табысты емес тәрізді. Гүлнұр Дарбаеваның атына «IRIS-A» ЖШС атты тағы бір кәсіпкерлік тіркелген. Ол фитнес клубтармен айналысады. Тек бір ғана қызметкері бар. 2023 жылы тіркелген, бірақ бюджетке еш салық төлемеген. Салық төлемесе, кәсіп жүрмеген, табыс түспеген деген сөз. Ендеше Дарбаев мырзаның жұбайы миллиондаған табысты қалай тапқаны белгісіз.

фото Adata.kz сайтынан скрин

Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың жұбайы Жібек Тұрысова да кәсіпкер екен. Оның атында да екі бизнес тіркелген.

. Бастапқыда «АЙНАЛАЙЫН» сауықтыру орталығы болған. Осы кәсібімен 2015-2017 жылдар аралығында бюджетке 900 мың теңгеге жуық салық төлеген. Кейінгі табысы көрсетілмеген. Былтыр «SILK STEPPE» болып атауын өзгертеді. Енді демалыс күндеріне уақытша пәтер берумен айналысады. Бірақ әзірге бюджетке салық төлемеген.

Тағы бір бизнесі бар. 2017 жылы «SMART KYZMET» атты ЖШС тіркелген. Ол мейрамханаларға азық-түлік жеткізумен айналысады. Былтыр бюджетке 900 мың теңге салық төлеген. Айта кетейік, Тұрысова ханым 2024 жылғы дербес салық салынатын жалпы кірісі 6,8 млн теңге деп көрсеткен еді.

Зергерлік бұйымдар сату, азық-түлік дүкенін ашу

Қорғаныс министрлігінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі вице-министр Қаныш Әбубәкіровтің жұбайы Майра Қожатайдың атына да бизнес тіркелген. Майра ханым сағат және зергерлік бұйымдар сатумен айналысады. Кәсібі 2013 жылы басталған. Былтыр бюджетке 1 млн 251 мың теңге салық төлеген. 2024 жылы еш қаржы көрсетілмеген. Қызығы сол жылы Майра ханым 34 млн теңге табыс тапқан.

Adata.kz сайтынан скриншот

Жеке кәсіп ашқандардың бірі – көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың жұбайы Нұргүл Ластаева. Ол 2024 жылы 5,3 млн теңге табыс тапты деп көрсеткен декларацияда. Ашық дерекке сүйенсек, 2018-2025 жылдар аралығында Ластаеваның азық-түлік дүкені болған. Бірақ былтыр оны тіркеуден алып тастапты. 2019-2020 жылдары бюджетке 800 мың теңге салық төлеген.

Ластаеваның атына дәл осындай Rich атты ЖК тіркелген, ол қазір жұмыс істеп жүр. Бұл нысанда азық-түлік, темекі өнімдерін сатумен айналысады яғни шағын дүкен болуы мүмкін.

Осы тізімге енетін тағы бір ерекше тұлға – «Қазақтелеком» АҚ президенті, бұрынғы цифрлық даму министрі Бағдат Мусинның жары – Дина Ауғанбаева-Мусина. Ол арғы жылы табысын 35,4 млн теңге деп көрсеткен. Adata дерегінше, оған екі жеке кәсіпкерлік тиесілі. Бірі «ИП МУСИНА Д. А.» деп аталады. Ол интеллектуалдық меншік объектілерін лизингке (уақытша пайдалануға) берумен айналысады. Сегіз жыл жұмыс істеп, бюджетке 7 млн теңгеден аса салық төлеген.

Screenshot

Екіншісі BEINTECH KAZAKHSTAN LTD. деп аталатын компания. Ол «Астана» халықаралық қаржы ортаылығында тіркелген, холдингтік компаниялардың қызметін үйлестіреді. Былтыр қарашада ғана тіркелген, әлі белсенді кәсіпке кірісіп үлгермеген тәрізді.

Бұл тізімге ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің жұбайы Сәния Садықованы да қосуға болар еді. Ол жылдық табысын 88,7 млн деп көрсеткен. Ресми дерекке сүйенсек, қаражат бағалы қағаздар нарығына салынған инвестициялардан алынған дивидендтер мен сыйақыдан алынған. Бірақ ашық деректерде Сәния Садықованың атына тіркелген ешқандай кәсіп жоқ.

Заң бойынша, барлық лауазымды тұлғалар табыс салығын көрсетуі керек. Әзірге министрлер арасында бұл талапқа мойынсұнған министр Серік Жұманғарин ғана. Өзге ведомстволарда министрлер емес олардың орынбасарлары табысын көрсеткен. Және тек 2024 жылы үшін ғана. 2025 жылдың декларациясы әлі жарияланған жоқ,.

Заң бойынша, мемлекеттік қызметкерлердің жұбайын кәсіппен айналысуына тыйым жоқ. Бірақ ол кәсібі ашық, табыс көзі декларацияда толық көрсетілуі керек.

Жыл басында сыртқы істер министрлігіндегі елшілер мен олардың жұбайлары да табысын жариялаған. Оны мына жерден толық көре аласыз.

Сондай-ақ оқыңыз