Жаңалықтар

«Еңсере алмаса, өзім барам»: Алагөзов Шымкенттегі сыра зауытын неге ұлына беріп отыр

Тұрсынғали Алагөзов / Фото: ашық дереккөзден

Бизнесмен әрі миллионер Тұрсынғали Алагөзов KursivMedia сайтына берген эксклюзивті сұхбатында ұлы Арсенді Шымкент сыра зауытының директоры қызметіне не себепті тағайындағанын айтып берді. Сонымен қатар ол бизнесін дамыту жоспарын айтып, өндіріс саласына ондаған миллион доллар көлеміндегі инвестиция салатынын атап өтті.

Ұлы директор болмай тұрып немен айналысқан

6 ақпанда 29 жастағы Арсен Алагөзовтің Шымкент сыра зауытының басшысы болғаны белгілі болды. Кәсіпорынды басқару тізгінін оған әкесі – бизнесмен әрі зауыттың тең иесі Тұрсынғали Алагөзов тапсырған.

«Курсив» тілшісіне берген сұхбатында Алагөзов ұлының қазір 29 жаста екенін, биыл 30 жасқа толатынын айтты. Сөзінше, Арсен жастайынан жеке өмір сүрген. Себебі Ұлыбританияда және Еуропаның басқа елдерінде оқыған кезде интернаттарда тұрған. Арсенді АҚШ-тағы әскери академияға жібермек болған, алайда кейін олар шешімін өзгертіп, ұлы бизнеске бет бұрған.

«Ол ажырасқаннан кейін Мәскеуде бөлек тұрды. Бес жыл бойы активтерді басқару компаниясында жұмыс істеді. Анық-қанығын білмеймін, бірақ жалақысы шамамен 1 мың доллар болды. Мәскеуде өз бетінше өмір сүріп, жұмыс істеді. Әр әке сияқты мен де баламның ата-анасына қол жаймай, жеке тұлға болғанын қаладым. Сондықтан ол менімен тек соңғы бір жыл – 2025 жылдан бастап қана бірге жұмыс істей бастады», – деді Алагөзов.

Алагөзовтің айтуынша, ұлы әкесінің холдингінде сыра бағытына жауапты болған. Ол қаржы мәселелерін, шығындар мен бюджеттерді бақылап, кәсіпорындағы құрылыс жұмыстарын қадағалаған. Сондай-ақ Шымкентке жиі барып тұрған.

Зауытты екі жыл бойы басқарған бұрынғы директор Сергей Мордясов 2025 жылдың соңында отбасылық жағдайына байланысты Шымкенттен Алматыға ауысқысы келген. Содан кейін бизнесмен ұлына өзін басшы ретінде сынап көруді ұсынған.

«Ұлымның ірі кәсіпорынды басқару тәжірибесі болған жоқ. Шымкент сыра зауытында шамамен 500 адам жұмыс істейді. Бұл – үлкен жауапкершілік. Мен одан дербес, өз бетімен шешім қабылдай алатын директор қалыптастырғым келді. Оның бойынан осындай құзыреттерді байқап отырмын. Сондықтан оңтүстік Қазақстанда тарихы терең, беделі жоғары кәсіпорынды лайықты деңгейде басқара алады деп үміттенемін. Ол шамамен зауыттың жетінші директоры болмақ», – деді Алагөзов.

«Егер ұлым істі алып кете алмаса, орнын басамын»

Тұрсынғали Алагөзов өмірде түрлі жағдай болатынын, кейде балаларға жүктелген жауапкершілік өте ауыр болатынын айтты. Оның сөзінше, ұлының бизнес саласындағы мансабына қатысты ешқандай қызғанышы жоқ.

«Әрдайым іскер ата-анадан іскер бала шыға бермейді. Мысалы, менің қызым Амина бизнеске бейім емес. Ал күйеубалам, Айсәуленің жұбайы Алишер Қайдаров – іскерлік қабілеті бар адам. Мен оны «ЦЕСНА» компаниясының басшысы етіп қойдым (2025 жылы бұл – мен үшін басым бағыттағы астық және ұн тарту компаниясы – ред.). Менің міндетім – өз тәжірибемді жас буынмен бөлісу. Егер ұлымнан басшы шықпаса, әрине, өкінішті. Бірақ біз оны басқа адаммен алмастырамыз. Мен үшін туыстық байланыс іскерлік беделден жоғары тұрмайды. Маған бизнестің жұмыс істегені маңызды. «Бұл менің ұлым, кәсіпорынды құрта берсін» деген ұстаным жоқ», – деді бизнесмен.

Шымкент сыра зауытының келешегі не болады

Тұрсынғали Алагөзовтің айтуынша, биыл Шымкент сыра зауытына 50 жыл толады. Осыған байланысты жыл соңына дейін зауытты қайта жаңғыртуды аяқтап, жаңа өндірістік қуаттарды іске қосуды жоспарлап отыр. Оның негізгі мақсаты – сыра акцизі мен ҚҚС бойынша салық түсімдерін үш есеге арттыру.

Қазіргі таңда кәсіпорын шамамен 4 млрд теңге салық төлейді. Алдағы 3-4 жылда бұл көрсеткіш 10 млрд теңгеден асуы тиіс. Қазір бір литр сыраға 100 теңге акциз және шамамен 16 теңге ҚҚС төленеді. Демек, зауыт жылына 200 млн литр сыра өндіріп сатуы қажет. Ал қазіргі өндіріс көлемі шамамен 30 млн литр.

«Біз Франциядан құю желісін сатып алдық, оны монтаждау наурыз айында басталады. Бұрын өнімнің негізгі бөлігі кегтерде сатылса, енді банкалар мен шыны бөтелкелерге құятын боламыз. Екі желі жұмыс істейді, оған шамамен 12 млн еуро жұмсадық. Сыра өндірісін жаңартуға тағы 5–7 млн еуро кетті. Ал бұл тек жабдықтар, құрылыс емес. Бұдан бөлек, 25 мың шаршы метрге жуық аумақты кеңейттік. Яғни, ауқымды жұмыс атқарылды», – деді зауыт иесі.

Алагөзов не үшін жаңа холдинг құрып жатыр

Бұған дейін Forbes басылымына берген сұхбатында Тұрсынғали Алагөзов өз компанияларын Baiuly Capital Holding холдингіне біріктіру жоспары барын айтқан. «Курсивке» ол бұл процестің биылғы жылдың ортасына қарай толық аяқталатынын мәлімдеді.

«Қазір компаниялардың саны көп, барлығын өзім бақылауға физикалық тұрғыда үлгермеймін. Оның үстіне бір жарым жастағы екі кішкентай қызым бар, оларға көбірек уақыт бөлгім келеді. Бірақ бизнес дамуы керек – тек сақталып қана қоймай, ауқымын кеңейтуі тиіс. Сондықтан біз кәсіби басқарушы компанияны тарттық», – деді ол.

Алагөзовтің айтуынша, Өзбекстан мен Ауғанстан сияқты жаңа нарықтарға шығу үшін бизнес холдинг формасында жұмыс істеуі қажет. Компаниялар тобына бизнес-процестерді басқаруға арналған немістің SAP бағдарламасы енгізілуде. Бұл жүйе жұмысты реттеп, процестерді автоматтандырып, оларды ашық әрі түсінікті етуге көмектеседі.

Кәсіпкердің сөзінше, отбасылық бизнесті жүйелі басқаруы бар отбасылық-корпоративтік форматқа көшіру уақыты келген. Ал өзі холдингтің бақылау кеңесінің төрағасы болып, бизнесті кеңейтумен айналыспақ.

«Мен холдингте қаламын және бақылау кеңесінің төрағасы боламын. Сусын өндірісі бағытын әрі қарай дамытамын. Өзбекстан нарығына шыққымыз келеді. Сонымен қатар Таяу Шығыс елдері бойынша да жоспарымыз бар», – деді ол.

Ондаған миллион доллар инвестиция

Тұрсынғали Алагөзов холдингтің үш негізгі бағытын дамыту жоспарын бөлісті. Ұн тарту бизнесінде «ЦЕСНА» концерні – компания Қытайға экспортты дамытпақ. Ол жаққа дайын ұн және макарон өнімдерін жеткізу көзделген. Сондай-ақ зауыт астықтан глюкоза өндіріп, оны басқа өндіріс бағыттарында пайдалануды жоспарлап отыр.

«»ЦЕСНА»-дағы өндірісті жаңғыртуға шамамен 15 млн доллар қажет. Ал астықты терең өңдеуді іске қосатын болсақ, бұл шамамен тағы 50 млн доллар», – деді Алагөзов.

Ал алкогольсіз сусындар бағыты – Galanz Bottlers компаниясы – жаңа нарықтарға шығуды көздейді. Атап айтқанда, Өзбекстан, Ауғанстан, Пәкістан және Таяу Шығыстың басқа да елдері қарастырылып отыр.

Алагөзовтің бағалауынша, әрбір жаңа нарыққа шығу шамамен 50-70 млн доллар инвестицияны талап етеді. Бұл қаржы зауыт салуға, жобалауға, бөлшек саудаға арналған жабдықтар (тоңазытқыштар) сатып алуға және сауда командаларын қалыптастыруға жұмсалады.

«Біз нарықта 25 жылдан бері жұмыс істеп келеміз және бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін жақсы білеміз. Әр жаңа елге шамамен 50–70 млн доллар инвестиция қажет. Өзбекстанға барсақ – 50–70 млн, Пәкістанға барсақ – дәл сондай көлем», – деді Тұрсынғали Алагөзов.

Ал Шымкент сыра зауытына келсек, компания Қазақстан ішіндегі нарықтағы үлесін арттыруы тиіс. Сонымен қатар Алагөзов Ресей нарығына шығу мүмкіндігін де қарастырып отыр. Ол Heineken немесе Tsingtao секілді ірі әлемдік брендтермен әріптестік орнатып, олардың маркасымен сыра өндіруді қалайды. Бизнесменнің айтуынша, зауыт өнімдері әлемдік сапа стандарттарына толық сай болуы қажет.

Айта кетейік, бұған дейін барынан айырылып, қайта бизнес-империя құрған кәсіпкер Алагөзов жайлы арнайы зерттеу жазған едік.