Freedom Holding Corp, Halyk Bank және «Қазатомөнеркәсіп» ITS World индексіне қосылды

Жарияланды 9 Ақпан 2026 15:41

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
freedom holding
фото: freedom24.com бильд-редактор: Серікжан Қобыланбаев

2026 жылғы 10 ақпаннан бастап ITS World индексінің құрамына Freedom Holding Corp, Halyk Bank, сонымен бірге «Қазатомөнеркәсіп» акциялары енгізіледі. Бұл туралы Kursiv.Media ITS мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Қазақстанның маңызы артты

Осылайша ITS индексіндегі қазақстандық эмитенттер саны беске дейін ұлғайды. Бұған дейін ITS World-та Kaspi.kz мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акциялары болған.

«Қазақстанның индекс ішіндегі қамтылу деңгейі жеткіліксіз болғандықтан, қазақстандық бағалы қағаздар санын арттыруды жөн көрдік», – деп атап өтті ITS атқарушы директоры Шыңғыс Қанапиянов.

Америка, Еуропа және Азиядағы 50 жетекші компанияның акцияларын қамтитын ITS World индексі тарихи тұрғыда жаһандық нарықтың көптеген басқа бенчмарктерінен озық динамика көрсетіп келеді. 2025 жылы ITS World индексі 25,62% өссе, S&P 500 индексі 16,30%, ал Dow Jones 12,97% көтерілді.

«ITS World жаһандық индексіндегі қазақстандық компаниялар санының артуы елдің әлемдік нарықтағы маңыздылығының өсіп келе жатқанын көрсетеді. Олардың қатарында ұлттық экономиканың көшбасшылары болып саналатын, елдің ең ірі әрі жүйе құраушы компаниялары бар», – дейді Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов.

Топ-менеджердің мәлімдеуінше, Freedom акцияларының индекс құрамына енуі компанияның стратегиялық бағытының тиімділігін айғақтайды.

ITS World индексіне қатысушылардың үлесі мынадай: Америка – 38%, Азия – 30%, Еуропа – 28%, Қазақстан – 4%. Бағалы қағаздар саны бойынша көрсеткіш: Қазақстан – 5, Америка – 18, Азия – 14 және Еуропа – 13.

ITS туралы

ITS – «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында жұмыс істейтін сауда алаңы. Ол инвесторларға АҚШ пен Қазақстанда листингте бар 3200-ден астам жаһандық нарық құралын ұсынады.

2025 жылы ITS-тің сауда-саттықтың жиынтық көлемі 14 млрд доллардан асты. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 70 есе көп.

Сондай-ақ оқыңыз