ІІМ: электр скутер ресми түрде көлік құралына айналады

Алматы қаласында электр скутерді пайдалануды реттеу және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті. Онда э-скутерді ресми түрде көлік құралы деп тану мәселесі талқыланды. Бұл туралы Kursiv.Media полиция мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Жаңа тәртіп
2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа заң ережесі күшіне енеді. Құжат жалға берілетін электр скутерлерді пайдаланудың бірыңғай міндетті талаптарын енгізуді көздейді. Ал оларды жалға беріп отырған кәсіпккерлер үшін өтпелі кезең қарастырылған.
«Жиында жол-көлік оқиғаларын болдырмау, пайдаланушы тәртібін бақылау, қадағалау тетіктерін енгізу және кикшеринг операторлары жауапкершілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды», – деп таратты polisia.kz.
Кеңесте көлік түрлерінің баламасын кеңінен қолдану жол-көлік оқиғалары мен әкімшілік құқық бұзушылықты көбейтетіні айтылды.
Скутер қауіпті ме?
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдиновтің мәлімдеуінше, негізгі мақсат – қала қозғалысын шектеу емес, оны қауіпсіз әрі тиімді басқару.
«Электр самокаттар жол қозғалысының толыққанды қатысушысына айналды. Сондықтан оларға қойылатын талаптар да өзге көлік құралдарына белгіленген ережелер секілді нақты әрі міндетті болуға тиіс, – деді шенеунік.
Полиция дерегінше, 2025 жылы Алматы қаласында электр скутердің қатысуымен 386 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 400-ден астам адам зардап шеккен. Жол ережесін бұзғаны үшін скутер пайдаланушыға қатысты 24 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылып, 10 мыңнан аса қозғалыс құралы арнайы тұраққа қойылған.
Оператор міндеті
Кеңесте кикшеринг операторына қойылатын талаптар да қаралды. Атап айтқанда міндетті сақтандыруды енгізу, электр скутерін нөмірлеу, Ішкі істер министрлігінің дерекқорына қосылу мәселелері талқыланды.
«Мопедтерді реттеу тәжірибесі жүйелі әрі қатаң шаралардың тиімді екенін көрсетті. Мұндай тәсіл жол-көлік оқиғаларын азайтып, тәртіпті күшейтеді. Дәл осы әдіс электр самокаттарға да қолданылады», – дейді Қабдулдинов.
Кеңес соңында тараптар жаңа талаптарға бизнес пен пайдаланушыны кезең-кезеңімен бейімдеуге келісті.