
Ата заң жобасына бірнеше өзгеріс енгізілді. Бұл туралы Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов айтты.
Сөзінше, Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тіліндегі мәтіндерін жетілдіру жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Преамбулада «Ұлы даланың мың жылдық тарихының сабақтастығын сақтап» деген сөздер «Ұлы даланың мыңдаған жылдық» деп өзгертілді. Мәтін бойынша «неприкосновенность» деген термин көп кездеседі. Қазақ тілінде «қол сұқпау», «қол сұғылмаушылық» деп алынып отыр.
9-бап нақтыланып, «тең» сөзі «қатар» деп ауыстырылды.
50 және 51-баптарда «өтініш» сөзі «мәлімдеме» деп өзгерді. Сөйлем құрау ерекшеліктерін ескеріп, орыс тіліндегі «является» сөзі сызықшаға ауыстырылды. Осылайша қазақ тілінде «болып табылады» деген сөздер алынып тасталды», – деді Нұрмұханов Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында.
Айта кетейік, Ата заң жобасының 9-бабында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған.