Ресей халықаралық іздеудегі көліктерді тіркеуге рұқсат береді. Қазақстан не істейді

Ресейде халықаралық іздеуде жүрген автокөліктерді мемлекеттік тіркеу тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Тиісті заң жобасын Ресей Ішкі істер министрлігі нормативтік-құқықтық актілер жобаларының порталында жариялады. Құжатта бұл өзгерістің мақсаты – «ресейлік азаматтардың заңды мүдделерін қорғау» деп көрсетілген.
Бұл бастама қолданыстағы тәртіптен түбегейлі бас тартуды көздейді. Қазіргі ережеге сәйкес, автокөлік қандай жағдайда сатып алынғанына қарамастан, егер ол халықаралық іздеуде тұрса, оны тіркеуге тыйым салынады. Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, жол полициясы органдарына (Госавтоинспекция) мұндай автокөліктерді тіркеу құқығы берілуі мүмкін. Бұл ретте тіркеуге рұқсат Ресей ішкі істер органдарымен ынтымақтастық орнатпайтын шет мемлекеттердің бастамасымен іздеуде тұрған және сол елдерден әкелінген автокөліктерге қатысты қолданылмақ.
«Даудың басы …»
Ресей ІІМ-нің мәлімдеуінше, Украинаға қарсы соғыс басталғаннан кейін, бірқатар елдердің құқық қорғау органдары ресейлік тараптың сұрауларына жауап беруді тоқтатқан. Ведомствоның пайымынша, салдарынан автокөліктің шынымен ұрланған-ұрланбағанын және халықаралық іздеуге қандай негізде жарияланғанын анықтау мүмкін емес.
Құжатта мысал ретінде Германия келтіріледі: Ресей ІІМ дерегінше, 2026 жылғы 19 қаңтардағы жағдай бойынша Германия тарапынан Ресей аумағында анықталған және халықаралық іздеуде тұрған 123 автокөлікке қатысты бірде-бір жауап алынбаған. Министрлік Украина тарапынан да автокөліктерді «негізсіз әрі заңсыз» халықаралық іздеуге жариялау фактілері бар екенін алға тартады.
Мәселе сондай-ақ халықаралық іздеу базасынан автокөлікті тек іздеуді бастаған мемлекет қана алып тастай алатындығымен күрделене түседі. Ресей құзырлы органдары қазіргі жағдайда адал жолмен көлік сатып алған, бірақ оны тіркей алмай отырған Ресей азаматтарының мүддесін қорғайтын тиімді құқықтық база жоқ екенін мойындайды.
Қандай өзгерістер ұсынылуда
«Ресей Федерациясында көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы» № 283-ФЗ федералдық заңына енгізілетін түзетулер арқылы жол полициясы бөлімшелеріне арнайы өкілеттіктер беру ұсынылады. Олар «достықтан шыққан» мемлекеттердің бастамасымен халықаралық іздеуде тұрған, бірақ ұрлық фактісі бойынша дәлелдер ұсынылмаған көліктерге қатысты тіркеу рәсімдерінің ерекше тәртібін өз бетінше белгілеуге құқылы болады.
Заң жобасын әзірлеушілердің хабарлауынша, бұл шара Ресей аумағында заңды түрде пайдаланылып жүрген, бірақ формалды түрде іздеуде тұрған мыңдаған автокөлік иесіне темір тұлпарын емін-еркін тізгіндеуге мүмкіндік береді. Ведомство азаматтарға шетелдік құқық қорғау органдарының жауабын жылдар бойы күтудің қажеті болмайтынын атап өтеді.
Ұрланған көліктерді заңдастыру дұрыс па?
Алайда сарапшылар бұл бастамадан туындайтын тәуекелдерге де назар аударады. Мәселен, Еуропа елдерінен ұрланған автокөліктерді заңдастырудың қалыптасқан схемалары бар. Автокөлік қауіпсіздігі саласындағы дереккөздердің мәліметінше, мұндай автолар Луганск және Донецк аумақтары арқылы Ресейге жеткізіледі. Ол жерлерде жеңілдетілген тіркеу рәсімдері қолданылады.
Алдымен көлік дропперлердің атына рәсімделіп, кейін Ресейдің басқа өңірлеріне жеткізіліп, нақты иесіне қайта тіркеледі. Соның нәтижесінде ресейлік дерекқорлардағы тарихы «тап-таза» болып шығады.
Ал Қазақстанда жағдай қандай?
«Қазақстанның автокөлік одағы» президенті Анар Макашеваның айтуынша, елде шетелде лизингте тұрған автокөліктерді қайта сату жағдайлары жиілеп кеткен. Қазақстанға Қытайда немесе басқа елде лизинг арқылы алынған көлікті әкеліп, оны қолданыста болған автокөлік ретінде сатып жіберетін адамдар саны күрт артқан. Кейін көлікке меншік құқығы бар лизингтік компания оны қазақстандық сатып алушыдан қайтарып алады. Сала өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдайлардың саны мыңдап кете береді.
Мәселе тек Қытайдан әкелінген көліктермен шектелмейді. Осындай оқиғалар Дубай, Канада, Грузия және өзге де елдерден келген автокөліктерге қатысты тіркелген. Сонымен қатар елге «сұр» схемалар арқылы суға батқан және ұрланған көліктер де кіргізілуде.
Ресейде аталған заң қабылданса, көрші арқылы заңдастырылған шетелде ұрланған көліктер біздің нарықта да көбеюі мүмкін.
Мәселені шешу үшін арнайы алгоритм әзірленбек
Ресейден айырмашылығы, Қазақстанда халықаралық іздеуде тұрған автокөліктерді заңдастыру мәселесі әзірге көтеріліп отырған жоқ. Керісінше, нарық қатысушылары тексеру тетіктерін күшейту жолдарын қарастыруда. Анар Макашеваның айтуынша, қолданыста болған автокөлікті сатып алу кезінде әрекет ету алгоритмі әзірленіп жатыр және биыл таныстырылмақ.
Сонымен қатар көліктерді халықаралық дерекқорлар арқылы тексеру мүмкіндігін кеңейту мәселесі де талқылануда. Қазіргі таңда eGov платформасы арқылы автокөлікті тек Қазақстан ішіндегі дерекқорлар бойынша ғана тексеруге болады. Ал ресми дилерлер шетелден әкелінген, күмәнді көліктерді сатып алудан бас тартады.