Жаңалықтар

Тоқаев жаңа еңбек министріне зейнетақы жүйесін жетілдіруді тапсырды

фото: Ақордадан

Дүйсенбі, 9 ақпан күні, Президент Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевты қабылдады деп хабарлайды Ақордадан.

Ведомство басшысы атаулы әлеуметтік көмек жүйесін жетілдіру жоспарын таныстырды. Қазір министрлік цифрлық бағалау құралдары арқылы қолдау шараларының нақты адресіне жету мүмкіндігін кеңейтуге ниетті. Көмек алатын әрі еңбекке жарамды азаматтарды міндетті түрде жұмыспен қамти отырып, әлеуметтік келісім-шарт тәжірибесін жетілдіруді көздеп отыр.

Одан бөлек мүгедектігі бар тұлғаларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселелеріне баса назар аударылды. Министрлік арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына қарай қаржыландыру тетігін одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Инклюзивті жұмыс орындарының да санын арттырмақшы.

Өз кезегінде президент халықты жұмыспен қамту, азаматтардың табысын ұлғайту, әлеуметтік қолдаудың шын мұқтаж жандарға жетуін бақылауды күшейту, зейнетақы жүйесін жетілдіру, теңгерімді көші-қон саясатын іске асыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Асқарбек Ертаев 26 қаңтарда Светлана Жақыпованың орнына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды. Бұған дейін ол вице-министр еді.