Toyota басшылары ауысты: автонарықтағы қысым Қазақстанға қалай әсер етеді

Жарияланды
тойота
Фото: shutterstock

Жапонияның ең ірі автоконцерні Toyota Motor соңғы үш жылда екінші рет бас директорын ауыстырады. Компанияның қазіргі CEO-сы Кодзи Сато 2026 жылғы 1 сәуірде қызметінен кетіп, оның орнына қаржы директоры Кэнта Кон келеді. Бұл шешім Toyota-ның пайдасы күрт төмендеген кезеңде қабылданды.

Toyota әлемде, соның ішінде біздің елімізде ең танымал автокөлік брендтерінің бірі. Сондықтан компаниядағы стратегиялық және басқарушылық өзгерістер әлемдік автонарыққа да жанама әсер етуі мүмкін.

Пайда неге азайды

Халықаралық агенттіктердің дерегінше, 2025 жылдың қазан–желтоқсан айларында Toyota тобының пайдасы 43%-ға төмендеген. Ал сәуір–желтоқсан аралығында бұл көрсеткіш 26%-ға қысқарған. Бұл ретте компанияның жалпы табысы өскен. Сондықтан компания жылдық табысы бойынша болжамды арттырды. Ал өткен жылғы қысқармерзімді кірістің азаюының себебі ретінде өндірістік шығындардың қымбаттауын, шикізат бағасының өсуін, АҚШ пен басқа елдердегі кедендік баж салығының әсерін атап отыр.

Компанияның бағалауынша, АҚШ енгізген тарифтер Toyota-ға бір жылда 1,45 трлн иен көлемінде шығын келтірген. Бұл жаһандық автонарықтағы барлық ірі ойыншы тап болған ортақ проблема.

Фото: shutterstock

Жаңа CEO кім және ол нені өзгертпек

Кэнта Кон – Toyotа-ның ішінде менеджер ретінде қалыптасқан маман,  ұзақ жылдар бойы қаржы және тиімділік бағытына жауап берген. Сарапшылар оны бизнестің табыстылығын арттыруға қабілетті басқарушы деп бағалайды. Енді оның алдында басқару шешімдерін жедел қабылдау, шығындарды қатаң бақылау, компанияны жаһандық бәсекеге икемдеу жүктеліп отыр. 

Кодзи Сато 2023 жылы Toyota-ны ұзақ жылдар басқарған Акио Тойоданың орнына келген еді. Бұл қадам басқарудағы буын алмасу ретінде қабылданған. Алайда соңғы жылдары компания электромобиль стратегиясы, корпоративтік басқару және Toyota Industries-ті сатып алу мәселелері бойынша сынға ұшырады.

Мұның сыртында соңғы жылдары әлемдік автонарықта қытай брендтерінің белсенділігіне байланысты үлкен өзгерістер болуда. Мысалы, сапасына күмәнмен қараса да, бағасы арзан, жабдықталуы қымбат көліктермен бірдей, технологиялық жағынан үздік көрінетін қытай көліктері бірқатар нарықта сұранысқа ие болып үлгерді. Ал қазақстандық нарықта қазір қытай, кәріс автокөліктерінің аты көбірек аталады. Қытай көліктерінің сұраныста болуы түсінікті, ал кәріс көліктерінің нарықтағы өзгерістерге жедел бейімделіп, ресми дилерінің маркетингтік қадамдарының арқасында сұраныста. Бұл ретте Toyotа классикалық даму үлгісін ұстанғандай көрінеді. Мысалы, қытай көліктері 3 ай, 6 айда бір рет жаңарып отырса, Toyotа 2,5 жылда рестайлинг, 5 жылда толық жаңартады. Алайда тұтынушылар көптен күткен Toyotа Camry-дің соңғы үлгісінде түбегейлі өзгерістер байқалмағандай әсер қалдырды. Toyotа мұндай жедел өзгерістерді тек Қытай нарығына арналған, Қытайдағы зауаттарында құрастырылатын автокөліктеріне ғана белсенді енгізуде. Мұның бәрі тұтынушыларға Toyotа-ның заман ағымына ілеспей отырғандай көрінеді. Бұрын бұл мәселеге тұтынушы сапа жағынан қарап, жоғары баға беретін. Алайда Қытай көліктерінің әлемдік автонарыққа анталап кіруі, мұны өзгертті. Соңғы кезде қытай көліктері мен Toyotа-ны сапа жағынан да салыстыратындар көбейген. 

Фото: shutterstock

Осы тұрғыда Toyotа-ның алдында ауқымды өзгерістер қажет сынды көрінеді. Сондықтан сарапшылардың айтуынша, Кэнта Конның Кодзи Сатоны алмастыруы заңды процесс. Алайда Кодзи Сато да Toyota-дан толық кетпейді. Ол директорлар кеңесі төрағасының орынбасары болып қалып, салалық саясатқа жауапты қызметке ауысады. Сонымен қатар ол Жапония автокөлік өндірушілері қауымдастығын (JAMA) басқарады. Бұл дегеніміз Toyota автонарықтың болашағына, экологиялық талаптарға, электрлендіру стандарттарына және халықаралық реттеуге белсенді ықпал етуді жалғастырады дегенді білдіреді.

Электркөліктерге әлі де басымдылық береді

Бензинмен жүретін көліктер нарығында өзін толық дәлелдеген, үздік үлгі көрсеткен Toyota-ның дәл қазіргі өзгерістер кезеңінде тағы да үздік шығуы үшін  электромобильдер мен гибридтерге басымдық беруді көздеп отыр. CNBC деректеріне сәйкес, өткен қаржы жылының алғашқы үш тоқсанында дәл осы модельдер компанияның бөлшек саудадағы сатылымының шамамен жартысын қамтамасыз еткен. Әсіресе, Солтүстік Америка мен Қытайда гибридтерге сұраныс жоғары. Toyota таза электромобильдермен қатар, гибридтерді де өтпелі кезеңдегі ең тұрақты әрі табысты сегмент деп санайды. Алайда компанияның электромобиль стратегиясы біраз қаржылық шығынға ұшыратқаны белгілі. Көптеген автобрендтер сияқты Toyota да әлем электрокөліктерге жаппай көшеді деп есептеп, өндірістік қуаты, бағытын өзгерте бастаған тұста уақыт жағынан ерте екені белгілі болды. Ал дәл осы кезде жаңадан кіріскен қытайлық автобрендтер бірден нарықтағы сұранысқа сай көліктер өндіруге кірісіп, тағы да нарықты теңселтті. 

Қазақстан үшін нені білдіреді

Сарапшылардың пікірінше, Toyota-дағы басқару ауысымы жеке қазақстандық тұтынушылар үшін бірден өзгеріс әкелмейді. Әйгілі бренд орта мерзімді перспективада: жаңа көлік модельдерін ұсынып, гибридтерді көбейтіп, өндірістік саясатты өзгерту арқылы бағаны түсіріп, жеткізу мерзімдерін өзгеруі мүмкін. 

Сондай-ақ оқыңыз