Жұмыс істейтін мүгедектігі бар адамдарға табыс салығы жеңілдетілді

Жаңа Салық кодексіне сәйкес жұмыс істейтін мүгедектігі бар азаматтар үшін жеке табыс салығы бойынша шегерім мөлшері ұлғайтылды. Бұл туралы салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің отырысында айтылды.
Не өзгерді
Аталмыш жиынға премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық еткен.
«Сонымен қатар алғаш рет Салық кодексіне мүгедектік тобына байланысты ЖТС бойынша әлеуметтік салық шегерімін саралау нормасы енгізілді. Егер бұрын жұмыс істейтін мүгедектігі бар адам үшін шегерімнің жалпы шегі 882 АЕК болса, жаңа түзетуде бұл шама үшінші топтағы мүгедектік үшін сақталған. Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар қызметкер үшін шегерім мөлшері 5000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды», – делінген хабарламада.
Бұл өзгеріс аталған санаттағы азаматтардың жалақысынан ұсталып қалатын салықты азайтып, таза табысының өсуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар мүгедектік тобы жыл ішінде өзгерген жағдайда ЖТС бір күнтізбелік жыл үшін бір ғана тәртіппен есептелетіні нақтыланды.
Жұмыс берушіге қандай мүмкіндік бар
Салық реформасы аясында мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдайтын ұйымдар үшін де маңызды өзгерістер енгізілді. Бұған дейін корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша жеңілдіктер тек арнайы, мамандандырылған ұйымдарға ғана қолданылып келген.
Енді бұл талап жойылып, барлық ұйымдар үшін тең жағдай қарастырылды. 2026 жылдан бастап, егер мүгедектігі бар қызметкерлерге төленетін еңбекақы қоры ұйымның жалпы жалақы қорының 51 пайызына жетсе, жұмыс беруші КТС бойынша жеңілдікті пайдалана алады. Бұрын қолданылған 35 пайыздық норма күшін жояды.
Бұл өзгеріс ұйымның құқықтық нысанына қарамастан, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа тартуға жол ашады. Сонымен қатар мұндай қызметкерлер үшін жеке табыс салығы бойынша жеңілдіктер толық сақталады.