
shynaliev_
2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Еркебұлан Шыналиев әлеуметтік желіде үндеу жариялады. Ол Түркияда өзін әлдекімдер қорқытып, күштеп бірдеңелерді айтқызғанын жеткізді.
Бір-екі адамның аяқ-қолын сындыру керек…
Танымал боксшының айтуынша, 2025 жылдың мамыр айында Мұқашев Шыңғыс және Иманалиев Нұржан деген екі азамат Түркияның Ыстанбұл қаласына бапкер ретінде шақырған. Спортшы сол сапардан кейін күмәнді жағдайлар басталғанын айтады.
«Ыстанбұлға барған соң олардың үйінде шамамен он күндей тұрдым. Екеуіне бапкер болып, жаттығу өткіздім. Елге қайтып келгенімде маған Шыңғыс Мұқашев бірнеше рет хабарласып, бір-екі адамның аяқ-қолын сындыру керектігін айтты. Ол үшін ақша беретінін де жеткізді. Мен ондай дүниелермен айналыспайтынымды айтып, үзілді-кесілді қарсы болдым», – дейді Еркебұлан Шыналиев.
Шыналиев: ҰҚК өкілімін деп айтуға мәжбүрледі
Шыналиев биыл жыл басында Ыстанбұл қаласына қайтадан шақырту алғанын айтады. Бұл жолы да оны бапкер ретінде жұмысын жалғастыратынын айтып сендірген.
«Бапкер боласың, әрі жаңа жоспарлар бар деді. Қаңтар айында ұшып бардым. Барған соң әуежайдан күтіп алып, Ыстанбұлдан 150–200 шақырым жердегі ну орманға апарды. Сол жерде қараусыз қалған ғимаратқа кіргізіп, бір қағаздарды көрсетіп, «ҰҚК өкілімін деп айтасың» деп мәжбүрледі. Сондай-ақ басыма оқталған тапанша тақады. Мен өзімнің өміріме қауіп төнгеннен, сасқалақтап қорыққанымнан не айтып, не істегенімді білмеймін. Олар «біз не айтамыз соның барлығын видеоға айтып бересің» деді. Менде амал болмағандықтан, солардың айтуымен талаптарының бәрін орындадым», – дейді спортшы.
Оның сөзінше, орман ішінде Түркияға кеткен бірнеше сақалды ер адам болған.
Біраз сақалды жігіттер болды, Қырғызстанның азаматтары болды. Жалпы қылмыстық іс жасап, сол елге қашқан жігіттерді көрдім. Олардың нұсқауымен жүрмеуге менде мүлде мүмкіндік болмады.
Спортшы қазір елге, отбасына аман-есен оралғанын айтты. Шыналиевтің болжамынша, олар Түркия билігінен саяси баспана алу үшін осындай әрекетке барған.
Видеоүндеу соңында спортшы ҚР Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурадан заң аясында әрекет жасауын сұрады. Сондай-ақ отбасының қауіпсіздігіне алаңдайтынын жеткізді.