
Алматы қаласында тауда заңсыз салынған үш қабатты нысан сүріліп жатыр. Бұл туралы Kursiv.Media қала әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Ағаштан соғылған бұл үй Ерменсай шағын ауданындағы Таужиегі көшесі, 35-учаскеде орналасқан.
«Жоспардан тыс тексеру барысында нысанның жобалық құжаттама мен сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес келмейтіні анықталды. Меншік иесіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілді», – деп таратты әкімдік.

Содан кейін Қала құрылысын бақылау басқармасы нысанды пайдалануға беру туралы актінің күшін жою және құрылысты бұзу жөнінде талап арызбен сотқа жүгінген. 2025 жылғы 20 тамызда сот талап арызды қанағаттандырған. Ал 28 қазанда қалалық сот шешімді өзгертпеген.
Енді Алматының әділет басқармасы, сот орындаушылардың қатысуымен, нысанды бұзып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы қаңтардың аяғында ғана Алматыда «Ozyurt» түрік мейрамханасы бұзылған.