Алматыдағы әмбебап базар түнге дейін жұмыс істей ме

Әлеуметтік желіде Алматы қаласындағы әмбебап базар наурыздан бастап түнгі сағат 23:00-ге дейін жұмыс істейді-мыс деген мәлімет таралды. Kursiv.Media ақпараттың қаншалықты рас екенін анықтап білуге тырысты.
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі Kursiv.Media-ға мәліметті растаған жоқ.
«Базар әкімшіліктері жұмыс істеу кестесін өз бетімен анықтайды. Базарлардан ресми мәлімет түскен жоқ», – деп жауап берді мегаполис әкімдігінің баспасөз қызметі Kursiv.Media-ға.
Солтүстік айналма жолы бойындағы үлкен сауда аймағында («барахолка») отыз шақты базар мен сауда кешені бар. Олардың әрқайсы жұмыс істеу кестесін өз бетімен шешеді.
Мәлім болғандай, бес күн бұрын әмбебап базардағы «Ақбұлақ» сауда кешені жұмыс уақытын 1 наурыздан бастап сағат 22:00-ге дейін созған. Сауда нүктесі мұндай өзгерісті әлеуметтік желілерде жариялаған. Онда кешен сенбі, жексенбі күндері ғана түнгі онға дейін істейтіні айтылған.
Әмбебап базардағы басқа да кешендер мен базарлардың жұмыс уақытын созғаны туралы басқа мәлімет жоқ. Дегенмен «Алатау» базары күн ұзарғанда жұмыс кестесін өзгерту мәселесін қарастырып жатыр.
«Әкімшіліктегілер әлі белгісіз екенін айтты. Әзірге біз қазіргі кестемен (сағат 19:00-ге дейін) жұмыс істей береміз», – дейді Kursiv.Media-ға базар өкілі.
Оның айтуынша, «Алатау» жұмысына қатысты түпкілікті шешім шамамен бір аптадан соң қабылданады.
Базарда істейтіндердің айтуынша, «Керемет» базары да бұрын жазда түнгі онға дейін істеген. Соған қарағанда, әлеуметтік желілердегі сыбыс «Ақбұлақ» таратқан мәліметтен туған.