Жаңалықтар

Ақтауда аққулар қырылып жатыр

Аққу өлексесінен, судан сынама алынады/фото: shutterstock

Маңғыстау облысында аққулар қырылып жатыр. Жергілікті жауапты мамандардың сөзінше, қазірге дейін 11 аққудың өлексесі табылған.

Облыстың орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлері жағалауда мониторинг жүргізген. Аққудың өлексесі табылғаннан кейін облыстық ветеринария басқармасына, экология департаментіне және Ақтау қаласы әкімдігіне хат жолдап, аққу өлексесінен, судан сынама алуды сұраған.

«8-9 ақпанда тексеру жұмыстарын жүргіздік. Он бір аққудың өлексесі табылды. Аққулар жаппай қырылып жатқан жоқ, әр жерден табылып жатыр. Ішінде 2-3 аққуды ит талаған. Мұндай жағдайды өзіміз де көрдік.

Қанаты сынып, ұша алмай қалған аққулар болады. Кейбірін әл жинап алғаннан кейін Қаракөл көліне жібереміз. Кейбірі қатты әлсіреп, өзі өліп қалады», – дейді инспекцияның бас маманы Ербол Әлібеков

Мамандар «аққулар судан уланып өліп жатыр» деген ақпаратқа қатысты нақты жауап бере алмады. Себебі судан сынама алынған соң нәтижесі бір апта ішінде шығады.

Айта кетейік, мониторинг жұмыстары «Қарақия-Қаракөл» қорығының Қаракөл көлінде де жүргізіліп жатыр. Бұл көл аумағында шамамен 3-4 мың аққу қыстайды.