Ақтөбе облысында 11 көлік соқтығысты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Алға ауданына қарасты Тамды кенті маңындағы бөлігінде жаппай жол-көлік оқиғасы болды / фото: KursivMedia мұрағаты
Алға ауданына қарасты Тамды кенті маңындағы бөлігінде жаппай жол-көлік оқиғасы болды / фото: KursivMedia мұрағаты

Ақтөбе облысындағы KAZ09 автожолында жаппай жол-көлік оқиғасы тіркелді. Көктайғақ кесірінен 11 көлік соқтығысқан.

«ҚазАвтоЖол» компаниясының ақпаратына қарағанда, 10 ақпан күні сағат 10:45 шамасында Алға ауданына қарасты Тамды кенті маңында жаппай жол-көлік оқиғасы болды.

Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, жүк көлігінің жүргізушісі жолдың жүру бөлігінде үш автокөліктің соқтығысуынан пайда болған кедергіні байқап, қозғалысын ішінара тоқтатуға мәжбүр болған.

«Соның салдарынан бір бағытта келе жатқан өзге көлік құралдары арасында соқтығысу орын алып, барлығы 11 көлік құралы жол апатына ұшырады» делінген ақпаратта.

Оқиғаға байланысты 10 ақпан күні сағат 11:30-дан бастап аталған автожолдың 11-337 шақырым аралығында көліктің барлық түрі үшін қозғалыс уақытша шектелді.

Қазіргі таңда апат орнында 7 бірлік арнайы техника, атап айтқанда, 2 кешенді жол машинасы, 2 тиегіш және 3 МТЗ техникасы жұмыс істеуде. Құзырлы органдар жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.

Мамандар жүргізушілерді республикалық маңызы бар автожолдарда сақтық шараларын күшейтуге, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жол жағдайын ескеруге шақырады.

Ал Қарғалыда жантүршігерлік жол апаты болып, төрт адам көз жұмған еді.

Сондай-ақ оқыңыз