Жаңалықтар

Астана әуежайында рейстер кешеуілдеп жатыр

 Әуе кемелерін мұздануға қарсы өңдеу шарасын жүргізу мүмкіндігі болмаған. / фото: shutterstock
Әуе кемелерін мұздануға қарсы өңдеу шарасын жүргізу мүмкіндігі болмаған. / фото: shutterstock

Астана әуежайында рейстер кешеуілдеп жатыр. Он рейстің ұшу уақыты кейінге шегерілсе, 8 рейс ұшып келе алмаған.

Бұл туралы Астана әуежайы ресми түрде хабарлады.

«Астана халықаралық әуежайындағы рейстер бойынша өзекті ақпарат.

Бүгінге жоспарланғаны:
– ұшып шығу: 72 рейс
– ұшып келу: 74 рейс

Қазіргі жағдай:
– ұшып келу бойынша кідіріс: 8 рейс
– ұшып шығу бойынша кідіріс: 10 рейс», – делінген ақпаратта.

Әуежайдың мәліметінше, ұшып шығу рейстері уақытының шегерілуі қолайсыз ауа райына байланысты болып отыр. Әуе кемелерін мұздануға қарсы өңдеу шарасын жүргізу мүмкіндігі болмаған.

Ұшу-қону жолағын, перронды және рулеж жолдарын тазалау тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Әуежайдың барлық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

«Жолаушылардан өз рейстері бойынша өзекті ақпаратты әуе компанияларынан нақтылап, сондай-ақ әуежайдың онлайн-таблосындағы жаңартуларды қадағалап отыруды сұраймыз», – делінген ақпаратта.

6 ақпанда да ауа райына байланысты Астана әуежайында ұшақтар кешіккен еді.