
Астанада қала тұрғынын алты ай бойы аңдыған ер адам жауапқа тартылды.
Қала прокуратурасының хабарлуынша, күдікті жәбірленушінің қарсылығына қарамастан, оны тұрғылықты және жұмыс орны маңында аңдып жүрген. Сонымен қатар оның келісімінсіз бейнежазбаға түсіріп, психологиялық қысым көрсеткен.
Сотта мемлекеттік айыптаушы жәбірленушінің жеке өміріне қол сұғылғанын дәлелдейтін толық әрі жан-жақты айғақтарды ұсынды.
Сот үкімімен ол сталкинг жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 100 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылып, моральдық зиянды өтеу міндеттелді.
«Аталған тұлғаның бұған дейін бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеп, оның шарттарын бұзғанын ескере отырып, өтелмеген жаза бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», – делінген хабарламада.
Прокуратура заңсыз қудалау үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделгенін жеткізді.
Шымкенттегі сталкинг
Ал Шымкентте полиция әйелдерге қатысты сталкингтің екі дерегін анықтаған.
Polisia.kz мәліметінше, екі жағдайда да күдіктілер жәбірленушілермен бұрын таныс болған. Алғашқы оқиғада бұрын қарым-қатынаста болған ер адам әйелді түрлі нөмірлерден қоңырау шалып, хабарлама жазып, үйі мен жұмыс орнына барып мазалаған. Жәбірленуші байланысын толық үзгеніне қарамастан, қудалау тоқтамаған. Күдікті жедел ұсталып, қамауға алынды.
Екінші оқиғада күдікті жәбірленушіге физикалық күш қолданған. Бұл факт бойынша сталкинг және ұрып-соғу баптарымен қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Екі іс те сотқа жолданды.