
Қолайсыз ауа райында Қазақстан автомобиль жолдарындағы қозғалыс шектеулеріне байланысты ұлттық тасымалдаушы қосымша теміржол рейстерін ұйымдастырды.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінен хабарлағандай, өңірлер арасында жолаушыларды қауіпсіз тасымалдау үшін № 613 Маңғыстау-Орал, № 692 Ақтөбе — Атырау және № 110 Ақтөбе — Маңғыстау пойыздары іске қосылды.
Компания ауа-райының қиын жағдайында теміржол көлігі қозғалудың ең сенімді тәсілдерінің бірі болып қала беретінін атап өтті.
Осыған дейін Қазақстан бойынша жаңбыр, қар және боран салдарынан республикалық трассалардың 20-дан астам учаскесі жабылғанын жазған едік.
Шектеулер Абай, Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында қолданылады.