Lifestyle

«Ғашықпын саған» көш бастады: Соңғы аптада ең көп касса жинаған фильмдер

Фото: «Ғашықпын саған» фильмінен кадр

Қазақстан кинотеатрларында 5–8 ақпан аралығындағы прокат нәтижелері жарияланды. Өткен аптада көрермендер ең көп таңдаған фильмдер тізімі белгілі болып, бірнеше жаңа туынды бірден көш басына шықты.

Аптаның көшбасшысы отандық «Ғашықпын саған» фильмі. Картина прокаттағы алғашқы аптасында 359 млн теңгеден астам табыс жинап, көрерменнің үлкен қызығушылығына ие болды.

Екінші орында әйгілі Джейсон Стэтхем ойнайтын «Убежище» фильмі. Туынды бір апта ішінде 146,8 млн теңге жинап, жоғары нәтиже көрсетті.

Үшінші орынға тағы бір жаңа фильм «Тастамашы, ана!» орналасты. Картина алғашқы аптасында 101,4 млн теңге касса жинады.

Ал бұрыннан көрсетіліп келе жатқан фильмдер де көрермен қызығушылығын жоғалтпаған. Мәселен, «Қызым» фильмі прокаттағы екінші аптасында 85,7 млн теңге, ал «Құшақташы мама» төртінші аптасында 82,8 миллион теңге табыс тапқан.

Сондай-ақ, үздік ондықта «Горничная», «Копы в кино», «Гренландия 2» фильмдері де бар. Ал 2026 жылы «Оскар» сыйлығына ұсынылған «Марти Суприм» фильмі қазақстандық көрермен арасында аса қызығушылық тудырмаған сияқты. Тимоте Шаламенің фильмі бар жоғы 44 млн касса жинады.