Министрліктердің көз алдында бұрын-соңды болмаған алаяқтық жасалған

Денсаулық сақтау саласында жеке-жеке жұмыс істейтін 30-дан астам ақпараттық жүйе бар. Жүйелер бір-бірімен толыққанды байланыспаған. Үкімет отырысында Тоқаев салалық министрліктерге осындай сын айтты.
«Өз бақылауымда ұстаймын»
Ақпараттық жүйелер бірізді жұмыс істемегендіктен де бюджет қаржысын жымқыру көп. Оның ауқымы да таңғалдырады дейді президент.
«Салалық министрлердің көз алдында бұрын-соңды болмаған ауқымдағы алаяқтық істер жасалғаны таңғалдырады. Оның үстіне бұл әлеуметтік салада орын алып жатыр. Бас прокуратура мен басқа да өкілетті органдар қылмыстың қашан жасалғанына, оны кімдердің жасырғанына қарамастан, істі егжей-тегжейлі тексеріп, ақиқатты анықтауға міндетті. Тергеу процесін өз бақылауымда ұстаймын», – деп атап өтті ол.
Бұл мәселенің барлығы, болдырмас үшін үкіметке 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құруды тапсырды. Ол барлық сектордағы үдеріске бақылау жасап, басынан аяғына дейін қадағалап отыратындай жүйе болуы керек.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің де барынша ашық болуын қамтамасыз ету керек. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жалған құжат толтырып, деректерді бұрмалайтын қитұрқы жолдар бар екені анықталды. Мен Ұлттық құрылтайдың отырысында осы мәселеге арнайы тоқталдым. Тағы да айтамын. Бас прокуратура және тиісті құқық қорғау мекемелері барлық жымқыру әрекеттеріне қатысы бар адамдарды заң тұрғысынан жауапқа тартуы қажет», – деп баса айтып кетті Тоқаев.
«Айтуға ыңғайсыз…»
Тоқаев отырыста цифрландыру мәселесіне назардан шығармады. Баяндама оқығанда ЖИ министрі Мәдиевті де қайта-қайта сұрақтың астына алды. Денсаулық сақтау саласын автоматтандыруға келгенде Мәдиевті де, ведомство басшысы Ақмарал Әлназарованы да жауапқа алды.
«Тиісті министрліктер бірге жұмыс істеп жатырмыз. Аудит жүргіздік, шашырап жүрген 30 ақпараттық жүйе анықталды. Қазір қажет емесін алып тастап, сол отыз жүйені сегізге дейін азайту деген нақты жоспар бар», – деді Мәдиев жауабында.
Ал Әлназарова да әріптесінің сөзін қолдап, қос министрлік бірге жұмыс істеп отырғанын айтты.
«Қазір ЖИ министрлігімен тиісті жұмыс жүргізіп отырмыз. Осы тоқсанынның соңына дейін Деректерді сақтау қоймасы құрылады. Бұл жеке-жеке жұмыс істейтін жүйелерді бір ақпаратқа біріктіруге мүмкіндік береді», – деді ол.
Бірақ министрлердің жауабы Тоқаевты қанағаттандырмаған тәрізді. Медицинадағы ақпараттық жүйенің әлі де біріктірілмей отырғанына наразы болды.
«Бұл мәселені жеке қарау керек. Бір салада жеке-жеке жұмыс істейтін 30 жүйе деген не ол? Айтуға да ыңғайсыз», – деді соңында президент.
Үкімет отырысында президент бюджеттік шығындарға қатысты талапты да күшейтуді тапсырған еді. Тиімсіз шығындарды қысқарту қажет деді ол.