Туды өртеп, елтаңбаны сындырған бейнежазба: мектеп басшысы жазаланды

Әлеуметтік желіде Мемлекеттік туды өртеп, елтаңбаны сындырған бірнеше адамның видеосы тарады. Бейнежазба көпшіліктің наразылығын туғызды. Бұл оқиға Павлодарда тіркелгені белгілі болды.
Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, 5 ақпанда Павлодар қаласындағы М.Жүсіп атындағы мектепте заңға сәйкес мектеп комиссиясы тарапынан ұлттық стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкес келмейтін заттарды жою жұмыстары жүргізілген.
«Аталған іс-әрекеттердің бейнетіркеуі тек қызметтік мақсатта жүргізілген және таратуға арналмаған. Іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу тәртібіне тиісті деңгейде бақылау жасалмауына байланысты мектеп басшысына қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды», – делінген білім бөлімінің хабарламасында.
Ведомствоның хабарлауынша, аталған рәсім тиісті актімен рәсімделген.