
Қателісіп «қаза тапты» деп танылған Украина Қарулы күштері жауынгерінің отбасы 15 млн гривен өтемақыны қайтаруға міндеттеледі.
Униан ақпаратына қарағанда, 2023 жылы ДНҚ-сараптама нәтижесіне сүйене отырып, Далецкий деген әскери қызметкер қаза тапты деп танылып, Львов облысында жерленген. Оның отбасы мемлекет тарапынан бөлінген 15 млн гривен (177 млн теңге) өтемақы алған.
Алайда 2026 жылғы 5 ақпанда Далецкий Ресей тұтқынынан тірі оралған. Львов облысындағы омбудсмен өкілі Тарас Подвирныйдың айтуынша, заңға сәйкес отбасы алынған қаражатты қайтаруға міндетті.
Сонымен қатар билік өкілдері қателік қай кезеңде кеткенін анықтауды жоспарлап отыр. Өйткені ДНҚ-сараптама аса дәл әдіс болып есептеледі.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский төрт жыл соғыста 55 мың украин жауынгері қаза тапқанын хабарлаған.