
Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компаниялардың басшыларымен қатаң әңгіме өткізгенін мәлімдеді.
Тоқаевтың сөзінше, елге жаңа әрі сапалы инвестиция тарту үшін біртұтас стратегия қажет. Бұл стратегияда, ең алдымен, жоғары технологиясы бар заманауи өндірістер ашуға басымдық берілуге тиіс. Президент бұл үдерісте жеке бизнестің рөлі ерекше екенін атап өтті.
«Сол жағалаудың адамдарына толып қалған»
Тоқаевтың сөзінше, «Бәйтерек» инвестициялық холдинг ретінде қайта құрылды. Мұндай қадамның нақты себебі болған. Холдинг нарықтық экономикаға серпін беруде, бірақ бұл қадам жеке бастамаларды шектемеуге тиіс. Президент дәл осындай талап «Самұрық-Қазына» қоры мен ұлттық компанияларға да қойылатынын айтты.
«Самұрық-Қазына» қоры және ұлттық компаниялардың басшыларымен қатаң әңгіме болды. Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей «Сол жағалаудың» адамдарына толып қалған. Олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады. Бұл түбі жақсылыққа апармайды», – деді Президент.
Сындарлы ынтымақтастық
Сондай-ақ Тоқаев инфляция деңгейі тұрақталғаннан кейін нарық қағидаттарын күшейту қажет екенін айтты. Сөзінше, даму институттары бизнес пен қаржы секторымен бәсекелес емес, серіктес ретінде жұмыс істеуге тиіс.
Президент инвесторлар үшін тартымды салалар қатарында сирек металдар, мұнай-газ химиясы, цифрлық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, көлік және агроөңдеу салаларын атады. Бұл бағыттарда мемлекет пен бизнес арасында сындарлы ынтымақтастық қажет екенін атап өтті.
«Мысалы, қазір технологиялар қарқынды дамып жатқан кезде аса қажетті материалдарға, яғни, сирек металдарға сұраныс күрт артып келеді. Қазақстанда мұндай жобаларды жүзеге асыруға Батыс елдері және басқа да дамыған мемлекеттердің инвесторлары зор қызығушылық танытып отыр. Бұл – Қазақстанның жаһандық бәсекедегі артықшылығы. Осы артықшылықты тиімді пайдалануымыз керек, оны ел игілігіне жарату қажет», – деді Тоқаев.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің 2025 жылдағы жұмысына баға берген еді. Сөзінше, негізгі көрсеткіштер бойынша айтарлықтай өсім бар. Десе де экономикалық дамудың жаңа үрдісіне толық көшу үшін нақты әрі тиімді шаралар қабылдау қажет.