
Бес жыл бойы Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Қамшыбек Тәшиев қызметінен босатылды.
Қырғызстандағы Кактусмедиа басылымының жазуынша, тиісті жарлыққа Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қол қойған. Осылайша, Тәшиев Министрлер кабинетінің төрағасының орынбасары – Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметінен босатылды.
Тәшиев бұған дейін Қырғызстан парламентінің депутаты болған, бірқатар оппозициялық қозғалыстарға жетекшілік етті. Әртүрлі кезеңдерде билікпен ашық текетіреске де барған. Осы арқылы қоғамда танымалдығы артты әрі қатал, ымыраға келмейтін саясаткер ретінде қалыптасты.
Кейінгі жылдары ол Министрлер кабинетінің төрағасының орынбасары – Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) төрағасы қызметін атқарды. Бұл кезеңде шекара қауіпсіздігі, қылмысқа қарсы күрес, жемқорлыққа қарсы науқандармен тығыз байланысты болды. Оның бастамалары бір жағынан қолдау тапса, екінші жағынан қоғамда қызу пікірталас туғызған.
Қамшыбек Тәшиев – жақтастары үшін тәртіп пен қауіпсіздікті күшейткен шешімді басшы, ал сыншылары үшін тым қатаң әдістерді қолданатын саясаткер. Соған қарамастан, ол Қырғызстанның қазіргі саяси тарихында елеулі із қалдырған тұлғалардың бірі саналады.