Шымкентте дәрігер қоспаға қақалып, жүрегі тоқтап қалған нәрестені аман алып қалды

Жарияланды
бала қақалғанда не істеу керек
Фото: shutterstock

Шымкентте екі жарым айлық бала жасанды сүтке қақалып, түншыға жаздады. Анасы сәбиін емізіп, артынан қосымша тамақ берген. Көп өтпей бала лоқсып, артынан ауа жетпей көгере бастаған. Мұны көріп қорыққан әйел жедел жәрдем шақырған.

Жедел медициналық жәрдем көрсету станцасының дәрігері Асылбек Саидмұрадовтың айтуынша, дәрігерлер келген кезде шақалақ тыныс ала алмай жатқан.

«Ауыз қуысына санакция жасадық. Жүрекке тікелей емес массаж жасап, амбул қапшығымен ауа бердік. Ауа өткізгіш түтікшесін қойдық. 2-3 минуттан кейін нәресте жылады. Жағдайы қалыпқа келе бастады. Сосын жақын маңайдағы қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі таңда нәрестенің жағдайы жақсы, тұрақты», – дейді ол.

Тексеріс кезінде баланың жүрегі 2-3 минут соқпай қалғаны анықталған. Дәрігер мұндай жағдайда шұғыл әрі дұрыс әрекет ету маңызды екенін айтады. Бала тойғаннан кейін оған қосымша тамақ беруге болмайтынын ескертеді.

«Баланың жұтыну рефлексі нашар дамыған. Тамақты бірден жұта алмай, қиналған. Дәрігерлер келгенше анасы баланың артынан қаға берген. Бұл да дұрыс емес. Артынан қаққан күнде де баланың ауыз қуысын дұрыстап тазалап тұру керек. Мұндай жағдайлар жедел жәрдем қызметінде жиі кездеседі. Өте көп деуге болады. Мысалы, жеке өзім жұмыс істеген 13 жылда 15 шақты балаға осынай реанимациялық көмек көрсеттім, – дейді дәрігер.

Бұған дейін, ауыр диагнозды жеңген дәрігерлердің оқиғасы туралы баяндағанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз