Жаңалықтар

Шымкентте пәтерден табылған 3 адамның өліміне қатысты жаңа деректер айтылды

фото: Дилара Иса

Шымкенттеге көпқабатты үйлердің бірінен 3 адамның денесі табылды. Олардың бірі – бала. Алдын ала болжам бойынша олар табиғи газден уланған болуы мүмкін. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының мәліметінше, оқиға «Күншығыс» ықшам ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. 2 бөлмелі пәтерден 3 адамның мәйіті табылған.

Марқұмдардың көршісі Қатира Айдарованың сөзінше, әуелі көршілер чатына 2-қабатта тұратын тұрғын төбеден су кетіп жатқаны туралы хабарлаған. Тұрғындар жиналып пәтер есігін қаққан, ұялы телефонына хабарласқан. Ешкім жауап бермеген соң, төтенше жағдайлар қызметіне хабарласқан. Мамандар есікті бұзып кіруге мәжбүр болған.

фото: Дилара Иса

«Құтқарушылар келіп есікті ашса, қонақ бөлмеде анасы төсекте жатқан. Қаза болған екінші адам отырған күйі қатып қалған. Баласы жуынатын бөлмеде суда шомылып жатқан жерде өліп кеткен екен. Жаман болды, өте қиын болды. Қазірдің өзінде үрей, қорқынышта отырмыз», – дейді Қатира Айдарова.

Қатира Айдарбекова көршілерінің өте жақсы болғанын айтады. 2 бөлмелі пәтерде 4 адам өмір сүрген. Қыздарының бірі жұмыста болған. Төтеншеліктер сол қызын шақырып, есікті бұзған. Марқұмдардың денесін полицейлер мәйітханаға алып кеткен. Дәл қазір пәтер есігіне мөр басылған. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалған. Алдын ала болжам бойынша, тұрғындар табиғи газден уланған болуы мүмкін.

«Алдын ала болжам бойынша улы газден уланған болуы мүмкін. Қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Зерттеу кезінде пеш пен газ бағанын өрескел қателікпен қылтимаға шығарған», – дейді қалалық орта сапасы әне бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Әбдінұров.

Мәлік Әбдінұровтың сөзінше, дәл осы көпқабатты тұрғын үйде мамандар қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша түсіндіру жұмысын жүргізген. Десе де, олар барған кезде пәтерде ешкім болмаған. Ал газ пеш пен бағанды балконға шығарғаны жөнінде тиісті мекемелерге хабар берілмеген.

Ресми мәліметке қарағанда, қалада қауіпсіздік шараларын сақтамай, қызыл аймаққа кірген 6 ықшамаудан бар. 12 ықшамаудан тәуекел аймаққа енген. Жыл басынан қауіпсіздік талаптарын сақтамаған 33 адамға 500 мың теңге шамасында айыппұл салынған.