Тоқаев медициналық қор мен жеке мектептерді тексеруді қолдайды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерді негізсіз тексеру көбейгенін сынады. Мемлекет басышысының пікірінше, оның орнына медициналық қор мен жекеменшік мектептер жұмысын тексерген жөн.
Тоқаевтың айтуынша, шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге мораторий аяқталған соң шенеуніктер бұрынғы әдетіне басқан.
Мысалы, президенттің үкімет отырысында келтірген дерегінше, 2020 жылы 70 мың тексеру жасалса, былтыр бұл көрсеткіш 92 мыңға дейін артқан.
«Тіпті, оның 85 пайызы жоспардан тыс жүргізілген. Шаш ал десе, бас алатын мұндай әрекетті доғару керек. Мұндай тексерулердің орнына медициналық қорды немесе жекеменшік мектептерді, әлеуметтік жеңілдіктер беру жүйесін тексеру керек еді», – деп есептейді Тоқаев.
Мемлекет басшысы шикізаттан өзге сектордағы орта кәсіпті қолдау қажет деп отыр. Соған байланысты президент үкіметке шағын және орта бизнесті қолдау саясатын түбегейлі өзгерту туралы ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Ұсыныстар 1 сәуірге дейін енгізілуі тиіс.