
10 ақпандағы үкімет отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевті сұрақтың астына алды.
Мемлекет басшысының мәліметінше, жақында іске қосылған отандық KazLLM бағдарламасына қазақстандықтар сенбей отыр.
«Бірақ, менің білуімше, сұраныс әлі төмен. Жұрт ChatGPT-ге көбірек жүгінеді. Халық неге көшкісі келмейді? KazLLM төңірегінде не болып жатыр» – деп сұрады президент.
Министрдің айтуынша, KazLLM мен AlemLLM қырықтан астам жүйеге енгізілген.
«Бірақ осы модельдердің сапасын әрдайым арттыру қажет. Сондықтан біз халықаралық деңгейдегі сарапшылармен бірге осы жұмысты жалғастырамыз», – деп жауап берді Мәдиев.
Алайда мұндай жауапқа көңілі толмаған Тоқаев осы саладағы олқылықтар туралы қайтадан сұрады. Дегенмен министр президент мәліметін растай қоймаған. Соған байланысты Тоқаев тағы қосымша сауал қоюға мәжбүр болды.
– Қазір қанша адам KazLLM-ді пайдаланып отыр?
– Біздің мәлімет бойынша, 600 мыңнан астам адамнан осы модельге сұраныс болды.
– ChatGPT-де қанша адам отыр?
– ChatGPT-дің жүздеген миллион қолданушысы бар…
– Қазақстан бойынша?
– Қазақстан бойынша… Халықтың 10%-ы тұтынады.
– Анықтау керек, – деп кесіп айтты Тоқаев.
Бұған қоса, президент Aitu чатына қатысты да сауал қойды. Мәдиевтің айтуынша, қазір отандық мессенджерді 700 мыңнан астам адам пайдаланады.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың аяғында Мәдиев министрлігі 40 мыңға жуық мемлекеттік қызметші отандық Aitu мессенджерін пайдаланады деп хабарлаған.