
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы, әсіресе, мал шаруашылығын дамыту мәселесінде жүйелі кемшіліктер бар екенін айтты. Президент елімізде бұл саланы ілгерілетуге мүмкіндік мол болғанымен, қолда бар әлеует толық пайдаланылмай отырғанын сынға алды.
«Елімізде мал шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік бар. Бірақ біз осы әлеуетімізді дұрыс пайдаланбай отырмыз. Мал шаруашылығының даму стратегиясы да, қарқыны да мардымсыз, түсініксіз, кешенді жүйе жоқ. Бұл салада шешімін таппай тұрған мәселе көп», – деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Мемлекет басшысы қазір өнімдердің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарда және шаруа қожалықтарында өндірілетінін еске салды. Еттің 60 %-ы, сүттің 80 %-ы – солардың еншісінде. Бұл жағдай өнімділікті арттыруға кедергі болып отыр.
«Елімізде жем-шөп қорын даярлаудан бастап, өнімді өңдеу, жеткізу, сату үдерісі біртұтас жүйе ретінде жолға қойылмаған. Басқаша айтсақ, осының бәрін басқарудың бірыңғай жүйесі жоқ. Өкінішке қарай, 2026 жылы осындай мәселелер туралы айтуға мәжбүр болып отырмыз», – деп түсіндірді Мемлекет басшысы.
Биыл мал шаруашылығын дамыту жоспары әзірленді. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл құжат саладағы қордаланған мәселелерді шешіп, оның жүйелі дамуына жол ашуға тиіс.
«Енді ақыры не болатынын көреміз. Мен Жолдауымда және «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда шағын шаруашылықтарды кооперацияға біріктіру қажеттігін айттым. Бұл жерде шетелдік тәжірибені үлгі ретінде алуға болады. Мысалы, Нидерландының жүйесін алсақ, онда шаруалар кооперациясының нақты әрі бірізді жүйесі бар. Соның арқасында олар құны 130 млрд доллар болатын ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттап отыр, – деді Тоқаев.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы 1 қыркүйекке дейін Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы жаңа заң жобасын әзірлеуді тапсырды.