Тоқаев: қазіргі Ата Заң – Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды еңбегінің нәтижесі

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Ата Заңның маңызын, сондай-ақ оны қабылдауда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі айрықша болғанын айтты.

«Әрине, қазіргі Конституциямыздың мән-маңызын ешкім жоққа шығармайды. Соңғы 30 жылда жеткен барлық жетістігіміздің бастауында Ата Заңымыз тұрғаны сөзсіз. Бұл – тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегінің арқасы», – деп мәлімдеді Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысы кезінде сөйлеген сөзінде.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Конституция ел тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде, қиын тарихи жағдайда қабылданғанын атап өтті. Оның сөзінше, құжатта сол кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси сын-қатерлердің ізі сақталғаны заңды.

«Сол кезден бері еліміз адам танымастай өзгерді. Болашағымызға көбі күмәнмен қараса да, Қазақстан халықаралық беделі жоғары, мықты мемлекетке айналды. Қазір әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық, технологиялық ахуал түбегейлі өзгеріп жатыр. Соңғы жылдары Қазақстан да көптеген өзгерісті бастан өткерді. Бұл өзгерістер ұлт санасына ықпал етті, тіпті, зор сілкініс әкелді десек, қате болмас», деді президент.

Осыған байланысты мемлекет басшысы елдің мақсат-міндеттері мен негізгі құндылықтарын заман талабына сай, конституциялық деңгейде жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев осыған дейін де елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ мемлекетін құрудағы ісін ұмытпау керек екендігін айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз