Жаңалықтар

Абай облысында прокурорлар экс-әкімді «Құрметті азамат» атағынан айырды

Фото: ашық дереккөзден

Абай облысы прокуратурасының наразылығымен ауданның бұрынғы әкімі «Құрметті азаматтар» тізімінен шығарылды.

Облыстық прокуратураның хабарлауынша, Абай облысы прокуратурасы Бесқарағай аудандық мәслихатының бұрынғы аудан әкімі Нұрлан Сыдықовқа «Ауданның Құрметті азаматы» атағын беру туралы шешімінің заңдылығын тексерген. Қолданыстағы Қағидаларға сәйкес «Абай облысының (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы» атағы мінсіз еңбегі мен қоғам тарапынан мойындалған елеулі қоғамдық пайдалы нәтижелері бар жетістіктері үшін азаматтарға беріледі.

«Нұрлан Сыдыков Жарма ауданының әкімі қызметін атқара отырып, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған және Жарма аудандық сотының үкімімен сотталған. Бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қатысы болған тұлғаға мұндай атақ беруге жол берілмейді. Абай облысы прокуратурасының наразылығы бойынша, аудандық мәслихаттың шешімімен экс-әкім «Ауданның Құрметті азаматы» атағына ие болған адамдар тізімінен шығарылды», – делінген хабарламада.

Оқиға жайлы

2025 жылдың соңында Абай облысындағы Бесқарағай аудандық мәслихаты ауданның құрметті азаматы атағына ұсынылған кандидаттарды бекіткен. Тізімге бұрын Бесқарағай ауданын басқарған, кейін пара алғаны үшін сотталған Нұрлан Сыдықов та енген.

Нұрлан Сыдықов Бесқарағай ауданын 2013-2015 жылдары, ол кезде Шығыс Қазақстан облысының құрамында болған кезеңде басқарған. 2015 жылдың қазанында ол Жарма ауданының әкімі болып тағайындалған. Алайда 2018 жылдың күзінде қызмет бабын пайдаланып, жер мәселесіне қатысты заңсыз сыйақы алғаны анықталып, мемлекеттік қызметтегі мансабын аяқтауға мәжбүр болды. Сыдықов сотта кінәсін толық мойындап, процессуалдық келісімге келді. Сот оны 30 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттеп, өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырған.