Жаңалықтар

Бас мүфти Рамазан айы басталатын күнді атады

Жаңа жылда Рамазан айы 19 ақпанда басталады/фото: shutterstock

Рамазан айы 2026 жылдың 19 ақпанында басталады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хабарлады.

«Біз Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы пәтуа кеңесінің және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескеріп, ортақ шешім қабылдадық. Биыл Рамазан айы 19 ақпанда басталады. Ал наурыздың 16-нан 17-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 20 наурыз – ораза айт мерекесі», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Барлық өңір үшін жасалған ауыз бекіту мен ауызашар уақытының ресми кестесін мына жерден көре аласыз.

Ауызашарда оқылатын дұға

«Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә ‘аләйкә тәуәккәлту уә ‘ала ризқикә әфтарту. Зәхәбә Зома уәбтәллатил-‘уруқ уә сәбәтал-әжру ин шәә Алла».

Мағынасы: «Алла Тағалам! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Шөл кетті, тамырлар суланды, иншалла, сауабы да жазылды».

Сәресіде айтылатын дұға

«Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә»

Мағынасы: «Таңертеннен кешке дейін Алланың ризалығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім».