
Мәжілісте газбен жабдықтау және газды үнемді пайдалану мәселелері бойынша заң жобасы қаралып жатыр.
Заң жобасын депутаттар әзірлеген. Оны қорғаған Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, жылыту маусымында газдың бағасы бір тоннасына 150-ден 200 мың теңгеге, 250-ден 300 мың теңгеге дейін өседі. Газ бағасының себепсіз қымбаттап кетпеуі үшін көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылытуға қолданылатын сұйытылған газдың бағасын бекіту құқығын Табиғи монополияларды реттеу комитетіне беру ұсынылып отыр.
«Тағы бір маңызды мәселе – автогаз құю станцияларының қауіпсіздігі ерекше алаңдаушылық туғызады. 3000 автогаз құю станциясының 90 пайызының сыйымдылықтары жер үстінде орналасқан, оның ішінде модульдік станцияларда бар. Дәл осындай станцияларда 2025 жылы Түркістан және Атырау облыстарында жарылыстар орын алып, азаматтардың қаза болуына әкелді», – дейді ол.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында депутаттар:
- Жаңа автогаз құю станциялары үшін сыйымдылықтарды жер астына орналастыруды міндеттеуді;
- Қолданыстағы станциялар үшін 2031 жылғы 1 қаңтарға дейін сыйымдылықтарды жер астына көшіру жөнінде өтпелі кезең белгілеуді;
- Заңнамада белгіленбеген орындарда көлік құралдары мен тұрмыстық баллондарды газбен толтыруға тыйым салу ұсынып отыр.
Жаңбыршиннің айтуынша, ұсынылып отырған түзетулер стратегиялық ресурсты пайдаланудың қауіпсіздігін, әлеуметтік әділеттілікті және тиімділікті арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, Мәжілісте газбен жабдықтау және газды үнемді пайдалану мәселелері бойынша заң жобасы қаралып жатыр.