
Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, боксшы Еркебұлан Шынәлиевтің арызы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Бұл туралы мәжіліс кулуарында бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев айтты.
«Бір-екі күн бұрын ғана «адам ұрлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір іс тергелу сатысында», – деді ол.
Қойгелдиевтің айтуынша, күдіктілерді Қазақстанға әкелу бойынша Түркия тарапына өтінім жолданған.
Еркебұлан Шыналиев бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде үндеу жариялаған еді. Ол Түркияда өзін әлдекімдер қорқытып, күштеп бірдеңелерді айтқызғанын мәлімдеген. Танымал боксшының айтуынша, 2025 жылдың мамыр айында Шыңғыс Мұқашев және Иманалиев Нұржан деген екі азамат оны қорқытқан.
«Ыстанбұлдан 150–200 шақырым жердегі ну орманға апарды. Сол жерде қараусыз қалған ғимаратқа кіргізіп, бір қағаздарды көрсетіп, «ҰҚК өкілімін деп айтасың» деп мәжбүрледі. Сондай-ақ басыма оқталған тапанша тақады. Мен өзімнің өміріме қауіп төнгеннен, сасқалақтап қорыққанымнан не айтып, не істегенімді білмеймін. Олар «біз не айтамыз соның барлығын видеоға айтып бересің» деді. Менде амал болмағандықтан, солардың айтуымен талаптарының бәрін орындадым», – дейді спортшы.
Алайда Шыңғыс Мұқашев осыдан кейін сұхбат беріп, Еркебұлан Шынәлиев келгеннен кейін «өзін ҰҚК жібергенін мойындағанын, қысымды солардан көргенін айтқанын» жеткізген.